Елордада жыл басынан бері 100-ден астам бала магнит жұтып ауруханаға түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жыл басынан бері 100-ден астам бала магнит жұтып ауруханаға түскен

04.03.2021

Магниттен абайлаңыз ата-ана. Нұр-Сұлтан қаласы №2 балалар ауруханасына жыл басынан бері 100-ден астам бала магнит жұтып, ауыр халде түскен. Дәрігерлер сапасыз әрі жасына сай келмейтін ойыншықтардан сақ болуды айтып дабыл қағуда. 

1,5 жасар Жанарға аз уақытта күрделі екі бірдей ота жасалды. Бәріне, магнит кінәлі. Дүниетанымын дамытады деп сыйлаған ойыншықтан бәле шыққан. Ойыншықтың түймедей магниттерін бүлдіршін бірінен соң бірін жұтқан.  

Дина Абылғазина, ата-ана:    
Үлкен балаларым конструктор ойыншықтарымен ойнап жүрген. Қызым жерде жатқан магниттерді жұтып қояды. Келесі күні жайсызданған кезде үрейлене бастадық. Күрделі ота жасалды. 5 күн жансақтау бөлімінде жатты. 

Елордада былтыр 2 мыңнан астам балғын магнит жұтып, балалар ауруханасына түскен. Оның 69-на ота жасалды. Магнит асқазанда тұрса, онда оны эндоскопиялық жолмен алу оңай-дейді, дәрігер. Көбіне ата-ана баланың не бүлдіріп қойғанын кеш біледі. Магнит асқазаннан өтіп, ішекке өтсе онда қауіпті. Магнит жолындағының бәрін тесіп, зақымдайды. 

Ринат Байгереев, Нұр-Сұлтан қаласы №2 қалалық балалар ауруханасының хирургия қызметінің жетекшісі:  
Міне магниттер. Көрініп тұр ма? Бір-біріне осылай жабысады. Перфорация пайда болады. Осындай жағдайда балаға күрделі операция жасап құтқаруға болады. Басқа жолы жоқ.  

Мынаның бәрі балғындардың ішкі құрылысынан шыққан. Жаңғақтың сүйегінен бастап, ине, түйме тектес сан алуан зат бар. Дәрігерлер балаға ойыншық алғанда оның сапасына, жас ерекшелігіне мұқият қарауды ескертеді. Ал, магниті бар ойыншықтардан мүлдем бас тартқан жөн. Біз барған дүкен иелері магниті бар ойыншық сатуға тыйым салған екен. Саудагерлер сатып алмас бұрын оның сертификатын сұраған жөн-дейді. 

Лейла Жакина, дүкен сатушысы: 
Қараңыз мынадай ойыншық бар. 1,5 жастан ойнауға болады. Детальдары ірі, ауызға сыймайды. 

Ойыннан от шықты деген осы. Ойнап жүріп ота үстелінен бірақ шыққан Жанар әлі бір апта ауруханада жатады. Ал, дәрігерлер ата-аналарға үйдегі ұсақ-түйек ойыншықты қоқысқа лақтырып, сұрыптап отыру керек деп тағы да ескертеді. 

Ғабит Бөкенбай 

Хабарламаларға жазылу