Бүгін батарея жұтып қойған 2 жастағы нәрестеге операция жасалды

14.01.2020

Нұр-Сұлтанда да батарея жұтып қойған кішкентай қыз ажал құша жаздады. Қайта екі жастағы Ясминаға дер кезінде операция жасалып, бала аман қалды. Десе де жағдайы әлі ауыр. Жалпы елімізде осындай қауіпті ұсақ-түйек заттарды жұтып қойып, ауруханадан бірақ шығатын балақайлардың саны артқан. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарды бала күтімінде барынша сақ болуға шақырып отыр.

Соңғы бірнеше күннен бері Галина Тәжібаевада маза жоқ. Өйткені бауыр еті баласы жансақтау бөлімінде жатыр. Анасының айтуынша, 2 жастағы Ясмина үйдегі салмақ өлшегіштің батареясын жұтып қойған. Тіпті мұны алғашқыда ешкім білмеген. Тек екі күн өткенде бала жылап, тамақ ішпей қойған соң дәрігерге жүгініпті.

Десе де Ясминаның жағдайы әлі ауыр. Өйткені қуат бергіш қышқыл зат бөліп, баланың өңешін әбден күйдіріп жіберген. Мына фотода ол анық көрінеді. Сол үшін кішкентай қыз өздігінен тамақ іше алмайды. Дәрігерлер асқазанын тесіп, түтікше қойған. Бүлдіршін сол арқылы қоректенеді. Айта кетерлігі соңғы кездері Ясмина секілді ауруханаға түсетін балалар көбейген.

Кілт, түйреуіш, ине, түйме. Мұның барлығы балалардың асқазаны мен тыныс алу жолдарынан алынған. Тіпті дәрігерлер ұл-қыздардың ішінен шыққан қауіпті ұсақ-түйек заттардың коллекциясын жинап, қабырғаға іліп қойған. Ақхалаттылар осындай кішкентай заттың өзі баланың өміріне үлкен қауіп төндіретінін айтады.

Әсіресе 1 ден 3 жасқа дейінгі балалар түрлі затты ауызға салуға әуес. Мәселен, бір ғана елордада жылына 130-дан астам бүлдіршіннің ішінен дәрігерлер түрлі ұсақ-түйекті алып шығады екен. Сондықтан ата-аналарды балаларына барынша мұқият қарауға шақырып отыр. Ал мамандар батарея жұтып аман қалған бүлдіршіннің сауығып кету үшін әлі біраз уақыт қажет екенін айтады.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу