Павлодар облысында 15 елді мекенде ауыз су тарифі қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында 15 елді мекенде ауыз су тарифі қымбаттады

02.03.2021

Павлодар облысында Май ауданына қарасты 15 елді мекенде ауыз судың бағасы бірден шарықтап шыға келді. Ауыл тұрғындары енді ең қымбат тариф бойынша ақы төлемек. 1 текше метріне 294 теңге. Құрылысы 10 жылға созылған Май топтық су құбыры іске қосылғанмен сапасыз су ішіп отырмыз деген жұрт мұндай бағамен келіспейді.

Орталық магистраль іске қосылғанда үйіне алдымен су тартқан Бекболат Қасенұлы онысына енді өкінеді. Себебі, суды тасып ішуге мәжбүр. Оның үстіне 1-ші наурыздан бастап баға шарықтап кетті.

Бекболат Дөкеев, Малайсары ауылының тұрғыны:
294 теңге дейді. Ресми бекітілген тариф. Ол өте қымбат. Мысалға алсақ, Ақсу қаласында 100 теңгеден артық, бізде 300 теңге.

Тарифке наразы тұрғындар ішуге жарамсыз су үшін осынша ақша төлеу ақылға қонбайды дейді.

Вера Шайхина, Малайсары ауылының тұрғыны:
Міне бүгіннен бастап суға төлейміз-дейді. Мен ащы суға неге төлеймін? Менің ауламда осындай су бар, құдығым бар, моторым бар. Соны ішемін мына суды ішкенше.
Жанарбек Көшкінбай, Малайсары ауылының тұрғыны:
Таңертең осында суға келеміз. Аяз болсын, боран болсын. Үйдегі су ішуге келсе мұнда келеміз бе?!

Ал, аудан әкімі судың сапасы жаман емес дейді. Жалпы Павлодар қаласында жеке тұлғалар үшін судың бір текше метрі 50 теңгеден аспайды. Есептегіш орнатқандар 32 теңге төлейді. Жергілікті биліктің пайымдауынша ауыл тұрғындары үшін бекітілген тариф қымбат емес.

Марат Ақтаев, Май ауданының әкімі:
Республикалық Нұра топтық су құбыры мекемесі 600 теңгені сұраған. Бірақ й халықтың жағдайын ескеріп, бәрін қарап осы тарифке келді. Мен ойлаймын бұл өте қолайлы.

Дегенмен әкім судың сапасын қайта сараптамадан өткіземіз деп сендірді.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу