Түркияда карантин жеңілдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда карантин жеңілдеді

02.03.2021

Түркияда карантин талаптары жеңілдеді. Вирустың таралуы төмен аймақтарда бүгіннен бастап мектептер ашылып, қоғамдық тамақтану орындары жұмысқа кірісті. Сондай-ақ, бірқатар қалаларда коменданттық сағат алынып тасталды.

Айдос Әшімұлы, тілші: 
Түркияда бүгіннен бастап қатаң локдаун талаптары жеңілдеді. Кеше кешке халыққа бейне үндеу жариялаған ел президенті вирустың таралуы төмен облыстарда карантиндік шектеулер алынып тасталатынын айтты. Нақтырақ айтсақ, елдегі 81 провинцияның 42-сінде бүгіннен бастап мектептер толық ашылып, сенбі-жексенбі көшеге шығу тыйымы доғарылды. Сондай-ақ дәмханалар мен мейрамханалар таңғы жеті мен кешкі жеті арасында жұмыс істейтін болды. Бұдан бөлек 100 адамға дейін той жасауға және түрлі жиындар өткізуге де рұқсат берілді. Ал барлық мемлекеттік мекемелер қалыпты жұмыс тәртібіне көшеді. Алайда вирустың таралуын мамандар қатаң бақылап отырады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Қалыпты өмірге адым-адым жақындап келеміз. Алайда мына мәселеге баса назар аударғым келеді. Карантиннің жеңілдетілуі де, қатаңдатылуы да вирустың таралуына байланысты. Сондықтан өңірлердегі вирустың таралу картасы апта сайын жаңарып тұрады. Ал екі аптада бір рет карантин талаптарын әр өңірдегі жағдайға қарай қайта қарап отырамыз. Карантиннің жеңілдеуі әр азаматтың өзіне байланысты. Сондықтан тазалық пен сақтыққа мұқият көңіл бөліңіздер.

Айдос Әшімұлы тілші:
Түркияда қазір вакциналау жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Екпе қариялар мен медицина қызметкерлеріне толық салынып бітіп, енді мұғалімдер мен өзге де мемлекеттік қызметкерлерге егіле бастады. Бүгінге дейін барлығы 9 млн адамға екпе салынған. 


Хабарламаларға жазылу