Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жолсеріктері наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жолсеріктері наразылық білдірді

23.02.2021

Адам төзгісіз ауыр жағдайда жұмыс істейміз. Осылай деген Маңғыстау-Ақтөбе пойызының жолсеріктері қызмет көрсететін жеке компанияға наразылықтарын білдірді. 

Пойызда сапасыз көмір жағылады және оны өзіміз тасимыз. Вагондардың әбден тозығы жеткен. Ал жеке серіктестік ескіні жаңартып, жолаушылар мен жұмысшыларға жағдай жасауды ойламайды. Шағым айтып, талап қойған жолсеріктер жұмыстан қуылады дейді қызметкерлер. Бұл пойыз 2019 жылы «Жолаушылар тасымалы» компаниясынан «Отпан логистик» серіктестігіне өткен болатын.

Әлімбек Берекетов, жолсерік:
90 жылдардан алып келген вагондар сырты жақсы, іші түтеп жатыр. жуынатын жер мына жолаушылардың ішін қарасаң, шіріп тұр. От жанып тұрған жерде тесігінен сырттағы жол көрінеді. 
Бауыржан Сүйінов, жолсерік:
Жағдайымызды басшыларымызға айтсақ, жұмыстан қуыламыз.  

Жолсеріктер Маңғыстау-Ақтөбе пойызын бұрынғы компанияның қарамағына қайтаруды сұрап, құзырлы органдарға хат әзірлеп жатыр. Ал, тасымалдаушы кәсіпорын өкілі шағым ескерілетінін жеткізді. 

Салтанат Сыздықова, ЖШС директорының кеңесшісі:
Жолаушыларды тасымалдау үшін 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен 11 вагон сатып алдық. Қазір жаңа вагондарды алу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан қаржыландыру мәселесі қарастылып жатыр.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу