Екібастұзда теміржол кластері қайта жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда теміржол кластері қайта жанданды

17.02.2021

Екібастұзда теміржол кластері қайта жанданды. 2,5 жыл тоқтап тұрған вагон жасайтын компания биылдан бастап өнім шығаруға кірісті. Жуырда ғана Мемлекет басшысы өндірістегі техникалық кадрлардың күшімен моноқаланың экономикалық әлеуетін дамытуды тапсырған болатын. Кеншілер мен энергетиктер қаласында отандық теміржол инфрақұрылымын қалыптастыру - тәуелсіздік алған 30 жылдағы орасан жетістік.

Бұл жартылай жабық вагон шығаратын кәсіпорын. Компания әзірге ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жұмыс жасап жатыр. Кезінде кетіп қалған кәсіби мамандарды кері қайтарып, бір жылдан кейін толық қуатында жұмыс істеуге көшеді. Яғни, жылына 2,5 мың вагон шығара бастайды.

Дәурен Жүнісов, вагон жасау компаниясының бас директоры:
Сізге өтінішіміз бар. Аймақ басшылығы тарапынан бізге тұрақты түрде тапсырыс болуына жәрдем берсеңіздер. Биыл 1 мың вагон жасап шығарамыз. Келесі жылы өнімділікті арттыруға шамамыз жеткілікті.

Ал, «Проммашкомплект» кәсіпорыны 1,5 жыл бұрын жылына 215 мың қосарланған темір жол дөңгелектерін шығаратын. Биыл ішкі нарықтан 14 мың данасын дайындауға тапсырыс түсті. Одан бөлек жөндеу жиынтықтарын жасайды.

Иван Дычко, кәсіпорын директорының орынбасары:
Қазіргі күні қосарланған дөңгелектердің 73 пайызы отандық өнімнің үлесі. Шикізатты Ресей мен Украинадан аламыз. Ал, өніміміз экспортқа да кетіп жатыр.

Өндірісті әртараптандыруға арналған мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйеген Екібастұздағы кәсіпорындар теміржол кластеріне қол жеткізді. Яғни, жергілікті өндіріс орындары бүтін бір саланы өніммен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:
Енді тек нақты жоспар ауқымында жұмыс жүргізу керек. Кризиске қарсы менеджментті күшейткен абзал.Тапсырыстардың үздіксіз болуын ерекше бақылауға аламыз.
Болат Аманбаев, тілші:
Тапсырыс портфелінің бүйірі толық болу үшін өндірісті әртараптандыру керек. Сондықтан Екібастұзда биыл шойын жолға қажетті шпалдар мен рельс бекітуге қажетті клемма шығаратын жаңа желі іске қосылады.

Инновациялық өндірістің құрылуы ел тәуелсіздігінің жемісі. Ал, 30 жыл бұрын Екібастұзда өндірістің өзегі шыңыраудан шығатын көмірі және қуат өндіру ғана болатын.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу