Әлемнің бірнеше елі қар құрсауында. Түркияның ірі қаласы Ыстамбұлда боранға байланысты мектептер жабылып, көлік қатынасы қиындап, әйгілі Босфор бұғазы уақытша бөгелді. Алып мегаполиске түскен қардың қалыңдығы 50 сантиметрге жеткен. Соның салдарынан жүздеген ағаш құлады. Дегенмен қала әуежайлары қалыпты жұмыс істеп тұр.
Мәскеуде де осыған ұқсас ахуал. Мұнда да көлік қызметі тежеліп, талай авиарейс доғарылды. Ауа райының қолайсыздығынан жол апаттары көбейген. Көшелерді тазалауға 60 мыңдай адам тартылып отыр. Ресей астанасына соңғы рет мұнша көп қар 1973 жылы жауған екен.
АҚШ-тың айтарлықтай бөлігі де ақ мамыққа оранды. Боран мен үскірік аяздан елдің орталық және шығыс бөліктері зардап шегіп отыр. Ал, Техаста температура 28 градусқа дейін төмендегенде, жылуға сұраныс артып, электр станциялары істен шығып, 3 миллионға жуық тұтынушы жарықсыз қалды.
Арыстан Рысбек