Шымкентте өрт гидранттарының үштен бірі - жарамсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте өрт гидранттарының үштен бірі - жарамсыз

15.02.2021

Шымкент қаласы аумағында өрт бола қалған жағдайда жер астындағы су гидранттарының пайдасы шамалы болмақ. Өйткені су жүйелеріне жалғанған 4 мыңға тарта құрылғының үштен бірі істен шыққан. Кейбірі бұзылған, су бармайды. Ал тағы 150 шақтысының орны жол құрылысы кезінде бітеліп тегістеліп кеткен.

Көп жерде гидранттың аты да заты да бар, бірақ жылдар бойы қараусыз қалғандықтан оны бұрап ашу мүмкін емес. Қарулы жігіт тұрмақ, темірдің де шамасы келмейді. Мұнан бөлек 154 гидрантты түбінен әлдекімдер кесіп тастапты. Осы секілді себептермен қазір 1 мыңнан астам су құрылғысы жарамсыз хәлде.

Нұрболат Педен, Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру басқармасы басшысының орынбасары:
Арнайы құрылғыларды орнатып, одан су алу мүмкін болмайды. Кей жағдайда олардың қақпақтары ашылмайды. Тіпті жаңа асфальт төселген кезінде бетіне асфальт төселген жағдайлар да орын алады.

Соңғы бірер жылда қаланың шеткері аумағындағы көшелердің инфрақұрылымы жақсарғанымен, өрт қауіпсіздігі құралдары бүлініп қалған.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Жаңа шағын аудандағы мына гидранттан су алмақ түгілі сорғы қондырғының өзін орнату мүмкін емес. Өйткені жол салу кезінде құрылысшылар құдықтың жабындысын қисық орнатып кеткен. Мұндайда өрт сөндірушілер уақыт жоғалтып, алыстан су тасуға мәжбүр.

Ең сорақысы, құтқарушылар мен су шаруашылығы мамандары 161 гидранттың орнын мүлдем таба алмай отыр.

Нұрғали Қосмұратов, Су құбыры және канализация басқармасының басшысы:
Орны жоқ болып тұр. Орнын таба алмай отырмыз. Жол түскен кезде келісу керек еді. Енді бұрынғы істеген картасы бойынша табуға график түзіп, ол жұмыстар басталды.

Былтыр осы мекеменің күшімен 371 өрт гидранты қалпына келтірілді. Биыл тағы 500-ге жуығы жөнделмек. Сондай-ақ шаһар билігі бұдан былай жол құрылысы аяқталған кезде нысанды қабылдау ісіне коммуналдық қызмет көрсету мамандарын қатыстыруды жөн деп тапты.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу