Алматы облысында еріген қар суы елді әбігерге салып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында еріген қар суы елді әбігерге салып жатыр

26.02.2018

Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл аудандарына қарасты елді мекендердегі үйлердің ауласын су басты. Ауыл көшелерінде арық жоқ. Сондықтан, еріген қар суы тас жолдың үстімен ағып жатыр. Соның салдарынан, баспаналардың қабырғасы қақырап, іргесі сөгіле бастапты. Ауыл әкімдері мұны табиғаттың құбылуынан жылда қайталанатын жағдай, деп бейқам отыр. Ал, бірнеше күннен бері үйлеріне кіріп-шығудан қалған тұрғындар қапыда қалдырған қар суына емес, жергілікті биліктің ескертулерге құлақ аспағандығына қапалы.

Кіші Байсерке ауылының тұрғындары еріген қардың суына жүзбесе де, етігімен қызыл суды кешіп, азаннан қара кешке дейін арпаласып жүр. Сіресіп жатқан қардың көбесі сөгілетіндігін ауыл әкіміне талай айтқан. Тек жұрттың жанайқайын тыңдар құлақ табылмай тұр. Амалсыз, тасжолдың үстімен аққан суды диқаншыдай күзетуге мәжбүр.

«Көктемнің шығуына төрт-бес күн қалды. Қазір ызғардың беті қайтып, күн жылынған соң қалың қар еріп, қарбалас тудырды. Тек осыған алдын ала қамданып, құралдарын әзірлеген құтқарушыларды көрмедік», деп тұрғындар налыды.  

Мақсат Жұмашев, Гүлдала ауылдық аумағының әкімі:

- Дренаж салу жоспарда болған. Былтыр ақша бөлінген, Қонаев көшесіне арық жүйесін жасадық. Биылға ақша бөлінеді. Қай көшеге шұғыл арық жүйесін салу керек, сол көшеге саламыз.

«Биыл қаржы бөліп, су басқан көшелерге арық тартқызамыз». Әкім осылай ел алдында уәде берді. Бірақ, атқамінерлер қаражатты қарастырып, арық қазғанша, қар суынан құты қашқан қалың бұқара не істерін білмей дал.

Аслан Шәпиев, ауыл тұрғыны:

- «Көмектесеміз» деп, кетеді. Бүгін, ертең қалай болатынын білмеймін. Күнде осылай. Кеше де шуладық, ешкім келген жоқ. Сіздерді шақырмасақ, келмейді бұлар. Сіздердің арқаларыңызда міне, бүгін келіп, хабарласып тұр. Кеше не болғанын, бүгін не болғанын ешкім білмейді.

Еріген қардың суының аулаға жиналуының салдарынан ауылдағы үйлердің қабырғасы жарылып жатыр. Бұл үйдің салынғанына екі-ақ жыл болған. Ал, құрылыс стандарттарына сай баспана қазірдің өзінде апатты жағдайда. Ал, үй иесі егер осындай жағдай екінші рет қайталанса, үйім қирап қалама деп қауіптеніп отыр.  

«Қазгидромет» пен Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өткен сенбіде температураның жоғарылауына байланысты облыстың аласа таулы аймақтарында су басу қаупі бар екендігін айтып, дабыл қақты. «Алайда, күрек ұстап, құм толы қап арқалаған тек ауылдықтар, ал, атқарушы биліктегілерден әзірге қайыр жоқ», деп жұрт ашынды.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу