Түркістан облысында 7 ауданға тасқын судан қауіп төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 7 ауданға тасқын судан қауіп төніп тұр

12.02.2021

Түркістан облысында биылғы көктемде 7 ауданға тасқын қаупі төніп тұр. Әсіресе, Шардара су қоймасы ернеунен асса, 22 елді мекенді көшіруге тура келеді. Сондықтан, тиісті құрылымдар осы бастан табиғи апаттың алдын алу үшін қамданып жатыр.

Сырдария өзенінен небәрі бір шақырым жерде орналасқан Шеңгелді ауылының жұрты көктем жақындаған сайын үйрей құшағында күн кешеді. Жеті жүзге тарта халқы бар елдімекен тұрғындары биыл да тасқын судан қауіптеніп отыр.

Жұмабай Омаров, Шеңгелді ауылының тұрғыны:
Көктемгі кезде, мұз болғанда жалпы елді мекенге қауіп төнеді. Өңірдегі Отырар, Төлеби, Шардара мен Арыс секілді жеті аудан биылғы көктемде ерекше бақылауда. Осы аудандардың құтқару қызметі бүгін Шеңгелді ауылына жиналып, тасқынның алдын алу үшін жағдайды пысықтады.

Былтырғы Мақтааралдағы апаттан кейін төтенше жағдайлар қызметі жұмысты ширатты. Мамандар осы жолы Шардара су қоймасындағы жағдайды көзден таса қылмай отыр. Су деңгейі көтерілсе, елдімекендер қызыл судың астында қалуы әбден мүмкін.

Нұрғали Жүнісов, Түркістан облыстық ТЖД бастығы:
Шардара су қоймасының су қоры 75 пайызды құрап отыр. Егер де Шардара су қоймасынан 1500 кубтан артық су тасталатын болса осы төмен жақта орналасқан 22 елді мекеннің тұрғындарын нақты эвакуциялау бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Қарғы су қапыда қалдырса қамсыз отырмайық деген жергілікті билік әуелі мал-жанды аман алып қалу үшін әрекет етпек.

Айнұр Ақбаева, тілші:
Төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда жергілікті халық мектептерге жайғастырылады. Бүгінде өңірде 216 эвакуациялық пункт дайын. Сонымен қатар бес мыңға тарта шатырлы қалашық құрылмақ. Тоқсанға тарта арнайы техника мен бес жүзге тарта маман жұмылдырылмақ.

Жағдайды бағамдаған облыс әкімі Төтенше жағдай қызметімен аудан әкімдеріне күні-түні қырағы болуды қатаң тапсырды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:
Жеті ауданда бізде қауіп бар. Сондықтан қазірден бастап әрекет жасау керек. Наурыз айының орталарында басталады. Шардарадан су босатылады. Сырдарияның бойында көптеген ауылдар бар. Қолда бар нәрселермен арықтарды тазалау керек.

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін алғаш рет дағдарысқа қарсы карта жасалды. Осы нұсқаулық бойынша тиісті күштер апат кезінде жедел қимылдап, жұмыла әрекет етуі шарт.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу