Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ нарығына өнім өткізу стандарты жеткіліксіз. Сәйкесінше ортақ нарыққа шығу көрсеткіші де төмен болып тұр. Ал, оған жауапты министрлік шаруаны ширатпаса отандық кәсіпкерлердің өз өнімдерін экспортқа шығаруы қиындайды. Бүгін мәжілісте мемлекетаралық стандарттау жөніндегі заң жобасы қаралды. Құжат кеден одағына мүше елдер үшін аса маңызды.
ТМД аумағында стандартсыз тауар сату мүмкін емес. Өйткені, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне сол ғана айғақ. Ал, мемлекетаралық стандарттарды бекітіп алуда Қазақстан біршама артта қалған. Ресейлік кәсіпкерлер бұл жағынан бізден көш ілгері. Соңғы үш жылда көрші ел 3860 стандарт жасап, ортақ нарыққа қарық болып отыр. Беларусь та қалыспайды,көрсеткіш - 725, ал Қазақстан 168 сауда белгісін әзірлепті.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Осыған байланысты құрметті Ержан Қалдыбайұлы сіз маған мынаған жауап берсеңіз. Жалпы неліктен Қазақстан Ресеймен, тіпті Белорусьпен салыстырғанда мемлекетаралық стандартты аз әзірлейтінін түсіндіріп беріңізші?
Ержан Қазанбаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы:-Ресей Федерациясының экономикасы бізге қарағанда үлкенірек. Сондықтан олардың стандарттары көбірек болады.
«Бұл экономиканың үлкендігінде емес, ұйықтап жүргендігіңізде. Жұмыс істемейсіз»,-деді Мәжіліс төрағасы. Ресейден біздің нарық 10 есе кіші шығар. Бірақ, 36 есе емес,-деп түйіндеді сөзін. Жалпы, проблема 4 жылдан бері өзекті. Ресей Қазақстанға жыл сайын 700 мың тоннадай цементті кедергісіз өткізіп, пайдаға кенеледі. Ал біздің кәсіпорындар керісінше кедергіден көз ашпай келеді. Бар гәп, енгізілген стандарттарға уақытылы мән берілмеуде. Оның үстіне Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы біріккен алқадағы 10 жұмыс тобының 9-ын Ресей өкілдері басқарады.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Негізі сол жұмыс тобының атқарған қызметінің қорытындысына қарай алқа отырысында ұсыныстар мен шешімдер қабылданады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:-Бұл тарихи тұрғыда солай қалыптасты. Өйткені кеден қызметтерінің біріккен алқасының хатшылығы Мәскеуде орналасқан. Яғни алқаның, хатшылықтың және жұмыс топтарының қызметін қамтамасыз етеді. Бірақ жұмыс топтарында барлық шешім ортақ мәміле арқылы қабылданады.
Демек, бұған тарихтың түк қатысы жоқ. Мәселе дәрменсіздікте. Осылай деген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин олқылықтарды тез арада түзетуді талап етті.
Нысаналы Ығыл
