Әлемде коронавирустың 4 мыңға жуық түрі бар. Бұл туралы Ұлыбритания ғалымдары хабарлады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инфекцияға қарсы вакциналар мутацияланған штамдарға бейімделіп жасалу керек дейді. Осы орайда ұйым AstraZeneca вакцинасының сынақ нәтижелерін қайта тексермек.
Оңтүстік Африка «AstraZeneca вакцинасы «ковидтің» мутацияланған жаңа түрлеріне қарсы тұра алмайды» деп, оны қолданудан бас тартты. Осыдан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы препараттың сынақ нәтижелерін тағы бір мәрте тексеретінін хабарлады. Десе де Франция, Германия оны қолдануды тоқтатпай, екпені дәрігерлерге салып жатыр.
Ал Ұлыбритания саяхатшылар үшін талаптарды тағы күшейтті. Енді шетелдіктер елге барған соң 10 күн карантиннен өтіп, оның екінші және сегізінші күні коронавирусқа қарсы тағы тест тапсыруы тиіс.
Джордж Юстис, Ұлыбритания қоршаған орта министрі:-Үкімет көп мөлшерде тест сатып алды. Туристер үшін ол тегін болады. Біз шекараның жабылғанын қаламаймыз. Сондықтан, жолаушылардың оң анықтамасынан бөлек, оларды оқшаулау режимінде де тексеру жөн деп таптық.
АҚШ ғалымдары болса, Калифорния штатында пайда болған коронавирус түрі Жаңа Жыл мейрамы кезінде науқастардың күрт көбеюіне себеп болды дейді. Ол британдық штамм сияқты қауіпті. Алайда, қауіпсіздік шаралары мен екпенің арқасында қазір инфекцияны жұқтыру азайған.
Түркияда барлар мен дәмхана иелері наразылық білдіріп жатыр. Олар басқа бизнес түрлерінің жұмысына рұқсат берілсе де, көңіл көтеру орындары 11 айдан бері ашылмағанын айтып шағымданды.
Хаджы Сахин, бар иесі:-Үкімет бізді естісе екен дейміз. Барлық кәсіпорындар ашылды. Тек ойын-сауық орындарына ғана тыйым салынған. Ғимарат үшін төлейтін есеп-шоттар күнде келеді. Табыс жоқ. Мемлекет бізді ұмытып кеткен сияқты.
Латын Америкасында індетке шалдыққандар саны 20 миллионға жуықтап қалды. Олардың 9,5 миллионы Бразилияға тиесілі. Елде тәулігіне 500-ден астам адам дерттен көз жұмуда. Инфекциямен күресу мақсатында ел билігі қытайлық вакцинадан бөлек, Ресей мен Үндістан екпесін алуды жоспарлап отыр.
Коронавирустан аса зардап шеккен Таяу Шығыс елдерінің бірі Иран «Sputnik V» вакцинасын қолдануды бастады. Ресейлік екпе алдымен медицина мамандарына беріледі. Наурыздың соңына дейін елде 1 миллион 300 мыңдай адам вакцина салдырады деп жоспарланып отыр.
Жансая Қапасқызы