Қарағанды облысында барлық бағыттағы жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында барлық бағыттағы жолдар жабылды

11.01.2018

Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық бағыттағы жолдар жабылды. Кеше түнде басталған ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран әлі де сейілер емес. Қар толассыз жауып, желдің жылдамдығы артқан. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы сол өңірден.

Қарағанды обылсы бойынша барлық бағыттағы жолдар жабық. Секундына 20 метр жылдамдықпен жел соғып тұр. Ақтүтек бораннан бағытыңды бағдарлау мүмкін емес.

Қазір өңірдегі барлық бақылау бекеттерінде көліктер сыртқа жіберілмей қаңтарулы тұр. Тәртіп сақшылары күзетті күшейткен. Себебі облыстың кей жерлерінде желдің жылдамдығы тіпті жоғары. Жолға шыққандар қала шетіне әупірімдеп зорға ілігуде.

Қуат Айнулдин, жүргізуші:

Таңға таман төрттің кезінде шықтық. Жол жаман, ештеңе көрінбейді. Машиналардың барлығы далада қалды жолдың шетінде. Он шақты машина көрдім. Бір машина төңкеріліп жатыр, камаз ба бірдеңе. Жол жүріп қажеті жоқ мынадай күні.

Кешелі бері төтенше жағдайлар қызметінің 112 номеріне 1000-нан астам қоңырау түскен. Теміртау мен Астана аралығы, Алматы-Екатеринбург, Жезқазған қаласына барар бағыттағы жолдарда бұрқасыннан түк көрінбейді. Алайда ескертуге құлақ аспай тәуекелмен шығып кетіп көлігі қар құрсауында қалған 20 жолаушы құтқарылған.

Жанна Дәуренбекова, облыстық ТЖД ресми өкілі:

Ұлытау ауданында 9 адам, Абай ауданында 9 адам және Шет ауданында 2 адам құтқарылды. 9 қаңтарда дабылды ескерту жіберілді халыққа. СМС ескертулер, интернет арқылы жіберілді. Бірақ, осы ескертулерге қарамастан адамдардың жолға шығып кету жағдайы тіркелді

Қазір төтенше жағдайлар қызметі тарапынан облыстағы жол қатынасы қауіпсіздігін 7 арнайы құтқару жасағы қадағалап отыр. Бұдан бөлек, 7 медициналық мобильдік топ тас-түйін дайын тұр.  Коммуналдық қызмет мекемелері  түгел жұмылдырылды. Алайда боран салдарынан  әп-сәтте қаланың да, даланың да жолын қар басып жатыр. Күн райының бұзылуына байланысты өңірдегі барлық мектептерде сабақ тоқтатылды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу