Тергеудің созылып кетуі - кәсіпкерлікке тұсау - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тергеудің созылып кетуі - кәсіпкерлікке тұсау

10.01.2018

 

Өскемендік кәсіпкер тергеушілердің жұмысына өкпелі. Мәселен, Қарағанды қаласының Ішкі істер органдарына ұрлық фактісі бойынша 2016 жылы арыз түсірген бизнесменнің ісі әлі күнге дейін қаралып бітер емес.

 

Айтуынша, құзырлы органдар істі бір-біріне ысырып,кейінге қалдырып келеді. Ал, онсыз да шығынға ұшыраған кәсіпкер екі қаланың ортасында әуре-сарсаңға түсіп, берекесі қашты.

 

Сергей Боковтың компаниясы көп жылдан бері көлік майларын сатумен айналысады. 2016 жылы іскер азамат Ресейден 20 тонна мотор майын сатып алған.

 

Оны Шығыс Қазақстанға жеткізіп салу үшін қарағандылық жүк тасымалдаушы компаниямен келісімшарт жасасқан. Бірақ, тауар діттеген жерге жетпей, жарты жолда сатылып кеткен көрінеді.

 

Жүк тасымалы үшін қажетті салық та, утилизациялық алымдар да түгел төленген. Алайда, не тауар жоқ, не оны жеткізуге міндеттелгендер жауапқа тартылмаған. Кәсіпкер болса, 11 млн теңгеден астам қарызға батып қалды. 

 

Сергей Боков, кәсіпкер:

Қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, ешкім тергеу жүргізіп жатқан жоқ. Жүктің қайда екенін де білмейміз. Ешкім ештеңе деп тіл қатпай отыр. Тергеушілер бірнеше рет ауысты. Заңгеріміз де Қарағандыға осы мәселемен талай барды. Бірақ іс алға жылжитын емес.

 

Батырхан Смаилов,  Қарағанды ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бас маманы:

Қазір қылмыстық іс бойынша барлық жағдайды жан-жақты анықтау үшін осы іске қатысты барлық адамдардан жауап алу керек. Осы орайда, күдіктілерді анықтау үшін жедел іздестіру шаралары өткізіліп жатыр. Осы факт бойынша заңды шешім заңмен белгіленген мерзімде қабылданады.   

 

 

Зарина ҰЛЫҚБЕК 

Хабарламаларға жазылу