Қарағандыда Жаңа жыл күні түнде жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмған бүлдіршіннің анасы дәрігерлерді кінәлап отыр.
Бірнеше күн бұрын ұялы телефонға түсірілген бұл бейнекадрлардан Айзеренің жүгіріп жүрген сәтін көруге болады.
Анасы Диана Қаһарманованың айтуынша, желтоқсанның 29-ы күні қызы тек шұжық жеген. Іле-шала балғынның дене қызуы көтеріліп, лоқсып, іші ауыра бастаған.
Дереу ауруханаға жеткізілген. Алайда, анасы дәрігерлерге қолхат жазып, баланы үйге алып кеткен.
Бүлдіршіннің халі нашарлай бастаған соң екінші мәрте дәрігерлер көмегіне жүгініп, шұғыл клиникаға жатқызылған. Бірақ қыздың сырқаты күшейе түсіп, артынша қайтыс болған.
Денсаулық сақтау басқармасы бірден сараптама жұмыстарын жүргізді. Мамандардың алдын-ала жасаған болжамы бойынша, баланың өліміне өткір ішек инфекциясы себеп болуы мүмкін.
Диана Қаһарманова, анасы:
Менің жанымда екенін естімесе де, көрмесе де, тым болмаса сезсін дедім. Одан кейін жанына жақындағаннан соң екі-ақ рет демалды да, жүрегі тоқтап қалды. Бәрі көз алдымда болды. Бізге парацетамол ғана берген дәрігер системаны жұлып алып, кабинетке жүгіріп кетті. Жасанды тыныс жасап жатты. Мен де артынан жүгіріп бардым. Жыладым. Онда бала жүріп кеткен еді.
Гүлбан Мамалинова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Өкінішке қарай, мұндай диагнозбен бала өлімі болмауы керек еді. Бірақ анасы үйіне алып кетті. Біз ем алды ма, жоқ па білмейміз. Мұның басқа да себептері бар. Қазір айтпаймыз. Тексергеннен кейін нақты айтамыз. Ол үшін дәлел керек.