Медицина қызметкерлеріне вакцина салу жұмыстары өңір өңірде жалғасып жатыр. Бүгіннің өзінде 3000-нан астам ақ халатты екпе алып үлгерді. Министрлік өкілдері мамандардың жағдайлары бірқалыпты деп отыр.
Аида Бағдатқызы - дәрігер. Бүгін коронавирусқа қарсы екпе салғызды. Дәрігерлердің бақылауынан кейін күнделікті жұмысына кірісіп кетті.
Аида Омарбекова, дәрігер:-Қазір өзімді жақсы сезінемін. Дене қызуым көтерілмеді. Екпенің орнында ауырсыну, қызару болған жоқ. Жағдайым жақсы.
Елорданың өзінде бүгін 100-ден астам медицина маманы екпе салдырды. Олардың қатарында коронавируспен күресіп, қауіптің ортасында жүрген мамандар бар. Білікті дәрігерлер вакцина вирус жұқтырмаудың жалғыз жолы, әрі қорғаныс құралы дейді.
Қайнар Фархадұлы, №9 қалалық емхананың аға дәрігері:-Өзімді жақсы сезініп отырмын, бас ауру, әлсіздік жоқ. Карантин басталғаннан бері мен фильтрде отырдым. Күніне 70-80 пациент келіп отыратын. Яғни енді уайымдамаймыз. Ауырып қалсақ туыстарымызға жұқтырамыз деп уайымдамауға болады.
Ал Алматыда кешеден бері мыңға жуық медицина қызметкеріне вакцина салынды. Екпенің заңға сәйкес әрі қалыпты атқарылуын қоғамдық бақылау өкілдері қадағалап жүр.
Саида Тәукелова, «Қоғамдық бақылау» жобасының үйлестірушісі:-Бұдан былай вакциналау науқанының барлық кезеңін толық қадағалаймыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдерімен бірге тексеруді бүгін бастадық. Әзірге барлығы жоспардағыдай өтіп жатыр.
Тұмау, жөтел және өзге де ауруларына байланысты Алматыдағы 32 адам егілуден бас тартқан. Олар аурудан айыққан соң ғана салдыра алады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:-Жалпы ел бойынша екпе алған мамандар саны 3000-нан асты. Егілгендер қатарында екпеге шағым айтқандар жоқ. Естеріңізге салайық, вакцинациялау екі кезеңмен жүзеге асады. Бірінші компоненттен соң екіншісі 21 күннен кейін салынады.
Раушан Сайлауқызы