Қазақстандықтар бірқатар мекемеге QR-код арқылы кіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар бірқатар мекемеге QR-код арқылы кіреді

02.02.2021

Ресейге барған қазақстандықтар медициналық бақылаудан өтіп, биометрия тапсыруға міндеттелуі мүмкін. Көрші ел үкіметі визасыз келетін еңбек мигранттары үшін осындай талап енгізетін заң жобасын ұсынып отыр. Әзірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін бұл міндетті емес. Айта кетейік, ресми дерек бойынша Ресейде одаққа кіретін елдерден 2,5 миллион адам еңбек етіп жүр. 

Ал елімізде ғимараттарға QR-код бойынша кіру жүйесі қалай жұмыс істейтіні белгілі болды. Қанатқақты жобаға қатысу үшін кәсіпкерлер өз QR-кодын InfoKazakhstan.kz сайтынан ала алады. Ал келушілер телефондарына Ashyq қосымшасын жүктеп, нөмірі мен ЖСН арқылы тіркеуден өтуі тиіс. Бұдан соң ғимаратқа кірерде оның QR-кодын сканерлеп, шығарда да осы қадамды қайталауы керек. Бұл қосымша тегін және тек кәмелетке толғандар пайдалана алады. Басты мақсаты – келіп-кетуіші вирус жұқтырғанын, ПТР тесті бар-жоғын анықтау. Нысанға кірген бойда қызыл жанса, адам қауіпті деген сөз. Яғни, ол оқшаулануы тиіс. Сары түс – ПТР мәліметтер базасында науқаспен байланысы бар адам ретінде тіркелгенін көрсетеді. Яғни, ол адамдарға үйінен 500 метр қашықтықтағы дәріхана мен дүкендерге бару ғана рұқсат етіледі. Ал көк түс қозғалысқа шектеу жоқ екенін білдіреді. Тек әуежай сынды ПТР тест міндетті ғимарттарда анықтамасын көрсетуі тиіс. Жасыл түс ПТР-тесттен өтіп, нәтижесі теріс шыққан адамдар үшін жанады. Яғни, олар қауіпсіз деген сөз. 

Алексей цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Азаматтардың жеке мәліметі бойынша QR-код жүйесіне келсек, отандық мобильді қосымшаны жетілдіру үшін e-govMobail атты мобильді қосымша ашу жоспарланған. Ол Ashyq медициналық қосымшасымен бірлестіріледі. Онда медициналық ақпараттық жүйелерден алынған азаматтардың мәліметтері жинақталады. Оның ішінде адамның коронавирусқа қарсы вакцинациядан өткен-өтпегені жайлы да QR-код арқылы білуге болады. 

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу