Коронавирусқа қарсы вакциналау басталды: Аймақтардағы ахуал қандай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы вакциналау басталды: Аймақтардағы ахуал қандай

01.02.2021

Атырау облысында да екпе салына бастады. Өңірге бүгін 200 құты вакцина әкелінді. Ол 1000 адамға жетеді. 

Жандос Темірғали, тілші: 
Ковидке қарсы вакцинациялау өңірде сағат 10.00-де басталды. Екпені алғаш болып облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова салдырды. Кейін басқарма басшылары мен емдеу мекемелерінің директорларына егілді. Жалпы өңірдегі 24 медициналық мекемеде арнайы кабинет әзірленді. Оның 8-і аудандарда орналасқан. 

Әкелінген 1000 доза бірінші кезеңде ақхалаттылар мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне салынады. Вакцинация жұмыстарын атқару үшін 144 медицина маманы арнайы курстан өтті. Жалпы пандемия басталғалы өңірде коронавирус инфекциясынан 128 адам қайтыс болды. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Вакциналау жұмыстары Қарағанды облысында да басталып кетті. Облыс бойынша барлығы 115 екпе салу кабинеттері жұмыс істейді. Оның әрқайсысы күніне кемінде 60 адамнан қабылдай алады. Бүгіндікке облысқа 1800 вакцина алынған. Соның 300-і Қарағанды қаласына арналса, қалғаны Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған, Теміртау сынды өңірдегі ірі қалаларға жөнелтілген. 

Біз қазір қаладағы отбасылық емханада орналасқан екпе орталығында тұрмыз. Мұнда 3 кабинет бар. Алғашқылардың бірі болып бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы вакцина салдырды. Жалпы медицна қызметкерлері алдыңғы шепте жұмыс істейтіндіктен оларға бірінші кезекте екпе алу міндеттелген. 

Облыс бойынша 420 медбике мен 100-ден астам дәрігер бұған дейін 3 ай бойына арнайы оқу курсынан өтті. Ресейлік мамандардың екі күндік семинарына да қатысты. Әзірге «Спутник-V»» вакцинасы осы көрші елден әкелініп жатыр. Ал, ақпанның 15-нен бастап Қарағандыдағы фармацевтикалық кешеннен шыққан вакцина жаппай қолданысқа енеді. Осы ақпан айының өзінде кәсіпорын 80 мың доза шығаруды жоспарлап отыр. Жалпы облыс тұрғындарының 60 проценті вакцина алған кезде коронавирустың таралуы азаяды дейді мамандар. 

Хабарламаларға жазылу