Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері жемқорлықтың алдын алмай отыр - Шпекбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері жемқорлықтың алдын алмай отыр - Шпекбаев

29.01.2021
Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері жемқорлықтың алдын алмай отыр - Шпекбаев

Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдамай отыр. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жемқорлықтың алдын алу бойынша белсенді шаралар қабылдамай отырған мемлекеттік органдар анықталды. Бұлар - Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен Мемлекеттік кірістер комитеті. Мұны Transparency Kazakhstan әлеуметтік зерттеуінің және қылмыстық-тергеу практикасының нәтижелері растайды. 

Елбасының «Адалдық алаңы» жобасын барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тарату туралы тікелей тапсырмасына қарамастан, ІІМ жобалық кеңсенің ашылуына кедергі келтіріп жатыр. Ведомствоның сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз», - деді ол агенттіктің алқа отырысында. 

Айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі де жемқорлыққа қарсы кешенді шаралар қорытындысы бойынша көш соңында келеді. Министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібін жетілдіруге қатысты агенттік ұсыныстарын толық көлемде орындамайтын көрінеді. 

«Толыққанды алдын алу шаралары Мемлекеттік кірістер комитетінде де жоқ. Азаматтар мен кәсіпкерлерден жиі түсетін кеден және салық органдарындағы алымдар туралы шағымдар - мұның айқын дәлелі», - деді агенттік төрағасы .

Хабарламаларға жазылу