Қазақстанда соңғы 15 жылда 40 мыңнан аса машина қолды болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда соңғы 15 жылда 40 мыңнан аса машина қолды болған

27.01.2021

Автомобиль ұрлайтын алаяқтар шебіне шенділер де шатылған. Ішкі істер органдарының қатысуынсыз көліктің VIN-коды берілуі мүмкін емес. Мәжіліс төрағасы сала министріне қарамағындағыларды жөнге салуды талап етті. Бүгін ТМД мемлекеттері арасында ұрланған көліктерді қайтару бойынша заң жобасы талқыланды. Кейбір кемшіліктер түзетіліп, жетілдірілгені айтылды.

Айдос кешке қойған көлігін таңертең ауладан таппай қалған. Дереу полицейлерге хабарласады. Олар асықпай 1 сағаттан соң жеткен. Құзырлы органмен қатар өзі де іздеуге кіріседі. Сөйтсе темір тұлпарын тізгіндеген ұры Алматыны екі күн еркін шарлапты. Барлық материалдарды құзырлы органға тапсырса да, әлі күнге ілік жоқ. Ал оқиға бір жыл бұрын тіркелген.

Айдос Тосанұлы, қала тұрғыны:
-Алматы қаласы Жетісу ауданының ІІБ кіріп айтсам өзіміз хабарласамыз дейді. Одан бері бір жыл өтті. Ешқандай хабар жоқ. Жетісу ауданына қаншама рет бардым. Екі рет кіре алмай кеттім.

Ұрланған көліктің көбі шетел асады. Елде соңғы 15 жылда 40 мыңнан аса машина қолды болған. Соның 223-і ТМД аумағынан анықталса, табылғаны тек 66. Бұл нені меңзейді? Алаяқтық тізбегі бары айқын.

Гүлнар Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-«Егіз көліктер» схемасы тыйылмай тұр. Қылмыстық жолмен жаңа көліктің VIN-коды алынып, түсі, маркасы мен көлемі ұқсас ұрланған автоға орнатылады. Ондайлар Еуразиялық нарықта да сатылады. Ал, заңды иелері еш нәрсе сезбей жүре береді. Осындай қылмыстарды жою үшін Қазақстан қандай шара қолданып жатыр және мемлекетаралық тетіктері бар ма?

Сала министрі саспады. Бірде-бір көлік кеден тіркеуінсіз өтпейді. Егер VIN-код деректер базасынан шықса, көлік сол жерде тоқтатылады. Ұрланған болса кері қайтарылады,-деді. Бірақ, Тұрғымбаевтың жауабына Мәжіліс төрағасы мысқылмен тіл қатты. Өйткені, күмәнді көлікті ешкім кеденнен өткізбейді. Және VIN-код шенділердің қатысуынсыз шешілмейді. Әдейі ішкі істер органдарынан тапсырыспен алынатыны анық. Сондықтан министр алаяқты алыстан іздемей-ақ, қол астындағылардан іздегені абзал,-деді Нұрлан Нығматулин. Ал, ТМД мемлекеттері ішінде көлік құралдарын ұрлауға қарсы күрес және оларды қайтару туралы ұсынылған заң жобасы мақұлданды. Онда сұрау салу нормасындағы кемшілік түзетілген.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
-Енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ғана ай беріледі. Сондықтан сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет. Сонымен қатар, хаттамада: - жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру; - кеден органдарымен ақпарат алмасу; - 1 жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, сол мемлекетте қалдыру мәселелері қарастырылған.

Аталған хаттама Еуразиялық Экономикалық одақта көліктерді бақылап, ақпарат алмасу үшін қажет. Әйтпесе, қазір ортақ кедендік ортада техникалар тексерілмейді. Депутаттар нормадағы түзетулер оң нәтиже көрсетер деген сеніммен заң жобасын қолдады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу