Ақтөбелік полицей үй-күйсіз қалған қарияны қамқорлығына алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік полицей үй-күйсіз қалған қарияны қамқорлығына алды

26.01.2021

Ақтөбелік полицей үй-күйінен айырылып, панасыз қалған қарияны қамқорлығына алды. Жасы сексенге таяған Людмила Шевченконың жаңа отбасынан кеткісі жоқ. Тіпті, учаскелік полицей Дастанның балалары оған өз әжесіндей еркелеп, қасынан шықпайды.

Зейнеткер көп қиындықты басынан өткерген. Жалғыз қызы қайтыс болған. Ал немересі пәтерін сатып жіберген. Банк картасын алып, зейнетақысын да бермей қойған. Сөйтіп далада қалған. Ал,былтыр қараша айында учаскелік полицей Дастан Сұлтанғалиев кез болып, кейуананың тағдырына бей-жәй қарай алмапты.

Людмила Шевченко, зейнеткер:
-Ол мені далаға тастамады. Мұндай жылылықты өмірімде көрген емеспін. Балалар жанымнан шықпайды, бәрі менің жағдайымды сұрап отырады. Мүмкін болса осында қалғым келеді. Екінші отбасымды таптым.

Дастанның төрт баласы бар, кішісі төрт айлық қана. Барлығы бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Үй тар болса да, көңіл кең. Әжей кішкентайларды өз немересіндей көреді. Ал, ата-анасынан ерте айырылған Дастан болса, әжейге өз анасындай қамқорлық танытып отыр.

Дастан Сұлтанғалиев, учаскелік полицей:
-Бізге қазір үйреніп те қалды. Бұл кісінің өзі де мен жұмыстан жай келсем түнде күтіп алып, жылап, мені ешқайда жібермеңдерші, осында шамалы өмірім қалғанда сіздермен бірге тұрайын деп айтып жатыр. Қарттар үйіне апарып, өз ата-анамды апарғандай күй кешеміз, жолдасым да солай деп жатыр.

Зейнеткер 45 жыл медицина саласында еңбек еткен. Қазір құжаттары түгенделіп, рәсімделіп жатыр. Жуық арада қарттар мен мүгедектерге арналған интернатқа жіберілуі мүмкін.

Мақпал Тұрмағамбетова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
-Ол кісінің айтқаны – менің зейнетақым жеткілікті, пәтер жалдап тұруға мүмкіндігім жетеді деп.Бұл жерде тағы бір шешілмей тұрған мәселе, ол – немересі әжейден бас тартуы керек, заңды түрде бас тартса, біз әлеуметтік қызметкерді тағайындай аламыз.

Бөлек пәтер жалдағанның өзінде оған қарайтын адам керек. Туғанынан артық мәпелеп, мейірім танытқан Дастан мен оның бала-шағасынан қол үзіп, кеуананың қарттар үйіне барғысы жоқ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу