Алматы облысының Матай Байысов атындағы ауылда жайылым жер қалмады. Бұған дейін жұрт қыста малын маңайдағы егіс алқаптарына жайып жүрген. Бірақ, ауылдағы соңғы жиналыстан кейін төрт түлікті қорадан шығармаңдар деген талап қойылған. Ал, диқаншы қауым көктемге дайындаған жерімізді мал таптаса, қайта жыртып шығынға батамыз деп налиды.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл ауылда кез келген үйге кірсең қорасында осындай көрініс. 10 шақты тіпті одан да көп мал тұр. Ал шөптің қоры түгесілген. Сыртқа жаяйын десе жайылым жоқ. Ауылдың айналасы суармалы егістік.
Тоқтар Мұрсалдың Матай Байысов ауылына көшіп келгеніне 15 жылдың жүзі болды. Тұрақты жұмыс жоқ болғандықтан отбасын осы малмен асырап отыр. Жазда ақысын төлеп жайлауда бақтырады. Ал қыста қорада ұстауға мәжбүр.
Тоқтар Мұрсал, ауыл тұрғыны:
- Күн суық малға да. Далаға шығара алмай отырмыз. Бұдан кейін мал ұстай алмасақ, жан бағысымыз қалай болады?
400-ге жуық түтіні бар ауыл халқының 70 пайызын осы мәселе қинайды. Ұлтарақтай жеріміз болса, түлігімізді жайып, мал азығын өзіміз дайындар едік, дейді ағайын. Дәл қазір ауданда шөптің бағасы да қымбаттап кеткен.
Өмірзақ Қанай, ауыл тұрғыны:
-Бір тележка шөп 80 мың теңге болды. Ары қарай 10 бас малға 10 күнге жетеді.
Ал нәпақасын егіншіліктен тауып жүрген шаруаларға суармалы алқаптарының тапталмағаны керек. Онсыз да ала жаздай бел жазбайтын диқанға көктемде жерді екінші рет жырту - артық шығын.
Ерғали Нұғманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
-Екі-үш күн бұрын қар еріді. Апарды да тура айдаған жерімізді трасса қылды.
Қазір ауылда екі жарым мыңға жуық ірілі ұсақты мал бар. Ауылдың жайылымдық жері 600 гектар ғана. Бірақ мал ол жерге тек жазда ғана жайылады. Қалған жер аудандағы ірілі ұсақты шаруалардың меншігінде.Сондықтан, төрт түліктің аузы көкке тигенше тұрғындардың өз беттерінше қарекет етуіне тура келеді.
Қуаныш Қанатұлы