Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз қымбаттатқандар 300 мың теңгеге жуық айыппұл арқалауы мүмкін. Мегаполисте өткен жылы желтоқсан айынан бастап қант пен қарақұмыққа уақытша шекті баға бекітілген. Оңай олжаға кенелгісі келгендер азық-түлік бағасына қатысты ескертулерді елемесе, еселеп айыппұл төлейді.
Қазір қала бойынша 8 мониторингтік топ сауда орындарын тексеріп жүр. Олардың сөзінше, әлеуметтік азық-түлікті көбіне шағын дүкен иелері қымбаттатады. Мәселен, біз бас сұққан Зинаш дүкенінде құмшекердің құны бекітілген бағадан асып кеткен. Кәсіпкер тексеру тобының ескертуінен кейін олқылықтың орнын толтырамын деп уәде берді.
Кәсіпкерлер дүкендерге жеткізілген азық-түліктердің бағасына 15-20 пайыздан артық қоспауы тиіс. Алайда қала тұрғындары әсіресе, көкөніс және ет пен жұмыртқаның құны тым қымбат екенін айтады.
Алексей Исмаилов, қала тұрғыны:-Өте қымбат. Соңғы жылдары кейбір азық-түліктердің бағасы 3-4 есе қымбаттаған. Әсіресе, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы шарықтап тұр. Амал жоқ, өмір сүру үшін сатып алуға тура келеді.
Кейбір сауда орындарындағы қымбатшылық тікелей жеткізушінің болмауынан. Себебі, өндіріс орындары тауарды тек тонналап сатады. Сондықтан шағын дүкен иелері тауарды базарлардан алады. Ортада делдал болғандықтан, сәйкесінше баға да шарықтап кетеді.
Ал базарларда баға тұрақты. Халық көп тұтынатын картоп - 140 теңгеден, сәбіз 120, ал пияз 80 теңгеден саудаланып жатыр. Дүкен басшыларының айтуынша, алдағы бірнеше ай көлемінде осындай баға сақталады.
Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктердің көпшілігі отандық. Алайда өнімдер сауда нүктелерінде түрлі бағада саудаланып жатыр. Дегенмен, мамандар бағаны тұрақтандыру мәселесін үнемі жіті бақылауға аламыз деп отыр.
Нұрхан Нұрланұлы