Көкшетауда карантиндік шектеулерге қарамастан демалыс күндері жұмыс істеген бірнеше сауда орны анықталды. Ақмола облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, сенбі-жексенбіде ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда орындарының жұмысы тоқтатылған еді. Сондай-ақ, облыста қалааралық автобустардың да қозғалысы шектелді. Себебі өңірдегі эпидемиологиялық ахуал күрделі. Облыс қызыл аймақ қатарында. Науқастардың саны көбейіп барады. Ал қоғамдық орындарда санитарлық талаптар әлі де сақталмауда.
Сәуле Сәдуақасова, облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Демалыс күндері 129 нысанда тексеріс жүргізілді. Оның 13-інде санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Барлық дерек бойынша әкімшілік іс жүргізілуде. Кәсіпкерлерге 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Маска тағу, арақашықтықты сақтау талаптары орындалмайды. Ал облыстағы ахуал күн сайын нашарлап жатыр.
Ермек Елберген