1-курс студенттері дәстүрлі, қалғаны аралас форматта білім алады

12.01.2021

Кеше еліміздегі барлық мектептерде үшінші тоқсан басталды. Білім министрлігінің жаңа талабына сай бұл маусымда 1-5 сыныптар мен қатар 9-11-12 сыныптар дәстүрлі форматта білім алады. Осылайша жалпы оқушылардың 41 пайызы мектепке барады.

Үшінші тоқсан кейбір оқушылар үшін қуанышпен басталды. Балалар ұстаздарымен қауышып мәре-сәре. Осы уақытқа дейін дәстүрлі форматта білім алып келген 1-5 сыныптардың қатарына 9,11 сыныптар және кей халықаралық мектептердегі 7-12 сыныптар қосылды.   

Фатима Жақаева, Нұр-Сұлтан қаласы №54 орта мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: 
-Мектептің іші қуанышқа толы. Балалар өте риза. Санитарлық нормалардың бәрі сақталған. Кіреберісте градустарын өлшейді. Шахматтық режиммен 15 баладан отыр.  

Ал оқушы саны 300-ден аспайтын мектептер білім беруді жалғастырады. Осылайша 1 млн-нан астам оқушы енді мектепте білім алады. Егер сұраныс болса, мектепте факультативтік сабақтар өткізуге рұқсат етіледі. Ал санитарлық талаптар бұрыңғыдай сақталуы тиіс.

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:  
-Қай пәндер штаттық, қай пәндер қашықтан өздер шешім қабылдайды. Рұқсат етілген категориялар бойынша интернаттарда тұрып оқу қарастырылған.  

Сондай-ақ ауылдық жерлердегі 100-ге жуық кәсіптік колледж және ІІМ жанындағы 14 колледж екінші семестрде дәстүрлі білім беру форматына көшеді. Ал еліміздегі жалпы орта оқу орындарының 1-курс студенттері осы маусымда колледжге барып білім алады. Қалған курстар аралас форматта оқиды. 619 мың студент білім алатын 128 жоғары оқу орны да біртіндеп дәстүрлі форматқа көшпек. Әр оқу орны ыңғайына қарай дәстүрлі, қашықтан немесе аралас форматта білім береді. Университеттердің сабағы келесі апта басталады. Бірақ аудиториядағы студенттер саны 40, ал жатақхананың толымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс.

Раушан Сайлауқызы, тілші:  
-Оқу процесі қандай форматта болмасын, білім ақысы арзандамайды. Себебі, пандемия басталғалы жоғары оқу орындарының материалдық шығыны өскен. Ал кешелі бері әлеуметтік желіде мектепте смартфон қолданауға тыйым салынады деген ақпарат тарап жатыр. Білім министрлігі мұндай талапты жоққа шығарды. Шектеу бола ма, жоқ па әр мектеп өзі шешім қабылдайды.   

Раушан Сайлауқызы 


Хабарламаларға жазылу