Үшінші тоқсанда оқушылардың 41 пайызы мектепте білім алады

12.01.2021

Кеше еліміздегі барлық мектептерде сабақ басталды. Білім министрлігінің жаңа талабына сай бұл маусымда 1-5 сыныптар мен қатар 9-11-12 сыныптар дәстүрлі форматта білім алады. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Кеше басталған үшінші тоқсан енді 20 наурызға дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін дәстүрлі форматта білім алып келген 1-5 сыныптардың қатарына 9,10,11-сыныптар және кей халықаралық мектептердегі 7-12 сыныптар қосылады. Сондай-ақ оқушы саны 300-ден аспайтын мектептер білім беруді жалғастырады. Осылайша жалпы оқушылардың 41 пайызы, яғни 1 млн-нан астам оқушы мектепте білім алады. Егер сұраныс болса, мектепте факультативтік сабақтар өткізуге рұқсат етілмек. Жалпы сыныптағы оқушылардың саны 15-тен аспауы тиіс. Арақашықтықты сақтау, маска тағу, дене қызуын өлшеу сияқты санитарлық талаптар бұрынғыдай сақталады.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Пәндердің 70 пайызы штаттық режимде, 30 пайызы қашықтан оқыту форматында жалғастырады. Қай пәндер штаттық, қай пәндер қашықтан өздер шешім қабылдайды. 
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Сондай-ақ ауылдық жерлердегі 100-ге жуық кәсіптік колледж екінші семестрде дәстүрлі білім беру форматына көшеді. Ал еліміздегі жалпы орта оқу орындарының 1-курс студенттері осы маусымда колледжге барып білім алады. Қалған курстар аралас форматта оқиды. Еліміздегі 128 жоғары оқу орны да біртіндеп дәстүрлі форматқа көшпек. Университеттердің сабағы келесі апта басталады. Бірақ аудиториядағы студенттер саны 40, ал жатақхананың толымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс. 

Хабарламаларға жазылу