Әлемде COVID құрбандарының саны 2 миллионға жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде COVID құрбандарының саны 2 миллионға жуықтады

11.01.2021

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 90 миллионнан асты. Өлім-жітім де азаймай, инфекция құрбандарының саны 2 миллионға жуықтап қалды. Еуропада қатаң карантин талаптары сақталуда. Алайда халық шектеулердің ұзаққа созылғанына наразы. 

Чехияда халық карантин шектеулеріне қарсы наразылық білдірді. Олар жұмыс орындары, мектептер мен мейрамханалардың жабылуы материалдық және моральдық шығын келтіріп жатыр дейді. Демонстранттар арасында елдің бұрынғы президенті де бой көрсетті. 

Вацлав Клаус, Чехияның бұрынғы президенті: 
-Бұрын пандемия кезінде ауырған адамдарды оқшаулайтын. Енді тарихта алғаш рет сау адамдар оқшаулануға мәжбүр. Бұл – ойға қонымсыз.

Ал Италияда студенттер шерулетіп жатыр. Олар оқу орындарының ашылуын талап етуде. Мектептер мен колледждер бүгіннен бастап жұмыс істеуі тиіс еді. Алайда вирустың таралу қаупі сейілмегендіктен, билік рұқсат бермеді.

Илария Ринаттиери, студент: 
-Біз оқуға оралу үшін қажетті жағдайды жасауды талап етеміз. Білім алу ел болашағы үшін маңызды. Ал қашықтан оқыту сапалы білім бермейді.

Ұлыбританияда індеттен қайтыс болғандар саны 81 мыңнан асты. Ковид өлім-жітімі бойынша мемлекет әлемде бесінші орында. 3 миллионнан астам науқас тіркелген. Бүгін ел аумағында тағы 7 вакцинация орталығы ашылды. Ақпанның ортасына дейін 15 миллион адамға екпе егу жоспарланған.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі: 
-Шамамен 2 миллионға жуық адамға вакцина салынды. Күніне 200 мыңдай адамға екпе егу жоспарда. 80-нен асқан қариялардың үштен бірі бұл процедурадан өтті. Бұл – өте жақсы прогресс.

Қытай коронавирустың шыққанын зерттеу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандарына елге келуге рұқсат берді. Бұған дейін құзырлы органдар оларға виза бермеген еді. Сол себепті де әлем ғалымдары Қытай билігін инфекцияның шығу тегі туралы ақпаратты әдейі жасырып отыр деп айыптады.

Коронавирустың мутацияланған түрі Ресейде де анықталды. Инфекция Ұлыбританиядан оралған азаматтан табылған. Дәрігерлердің айтуынша, қазір оның жағдайы бірқалыпты.

Жансая Қапасқызы 

Хабарламаларға жазылу