Нұрсұлтан Назарбаевқа «Алғыс» ордені табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаевқа «Алғыс» ордені табысталды

07.01.2021

Рождество ғасырлар бойы татулық пен ізгіліктің символы болып келеді. Осылай деген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев православ христиандары мен барлық қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтады. «Қазақстанда атап өтілетін Рождество және басқа да діни мерекелер біздің өмірімізге оптимизм, рухани байлық, толеранттылық әкеледі»,-деді Елбасы.  

Ал, Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздегі дінаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін «Алғыс» орденін табыс етті.   

Нұрсұлтан Назарбаев митрополит Александрға дінаралық және этносаралық татулық пен келісімді сақтауға сіңірген еңбегіне жоғары баға бергені үшін ризашылық білдірді. Қазіргі уақытта татулық, тыныштық пен келісім Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.  Сондай-ақ, Тұңғыш Президент барша қазақстандықтарды, алдағы жексенбі яғни 10-қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауына белсене қатысуға шақырды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы: 
Сайлау – болашақ дамуымызды айқындайтын елеулі оқиға. Барлық қазақстандықтарды сайлауға қатысуға және Қазақстанның өркендеуін, еліміздің алға қадам басуын, дінаралық келісімді, достық пен бауырластықты, барлық этностар мен халықтардың өзара түсіністігін нығайтуды қамтамасыз ететін бағдарламаны таңдауға шақырамын.  

Армангүл Тоқтамұрат 


Хабарламаларға жазылу