«Nur Otan» партиясы 5 жылға арналған жоспарымен таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясы 5 жылға арналған жоспарымен таныстырды

05.01.2021

Еңбек адамдарын қорғау және қолдау. Бұған қатысты бес партияның өзіндік жоспарлары бар. Бүгін саяси ұйым өкілдері кәсіпорындарды аралап, ұжымның жағдайын жасау жайлы ұсыныстарын жеткізді.

Жақын 5 жылда Қостанай облысында 80 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу, 3 мың шақырымдай автожол салу және жөндеу, 100 мыңға тарта ауыл тұрғынын сапалы ауыз сумен қамту, мұқтаждарға 9 мың пәтер беру көзделіп отыр. «Nur Otan» партиясы өңірге сапары кезінде халыққа осындай жоспарын жеткізді. Бас-аяғы 20 кездесу өткізді. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай партия қолдауымен республикалық айтыс өткізумен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында тұлғаға арнап ескерткіш орнату жайы қозғалды.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-«Nur Otan» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге қоғамда өзара құрмет пен барша азаматтың теңдігі құндылығын дәріптеуді ары қарай жалғастыра береді. Кемсітушілікті көздеген кез келген келеңсіз әрекеттің жолы кесіледі. Сондай-ақ, шекара маңындағы аумақтарды дамыту және мемлекеттік тілдің барлық саладағы қолданысын кеңейту қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап көрсеткендей, «қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халықты біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. 

Ал жалпы республика бойынша 5 жыл ішінде 977 мың қазақстандық отбасыға 100 млн шаршы метрден аса тұрғын үйді пайдалануға беруді көздейді. 25 мың шақырым республикалық, тағы 27 мың шақырым жергілікті жолдар салуға бастамашы болуға ниетті.

«Ауыл» партиясы өкілдері Екібастұз қаласындағы вагондарды жөндейтін ірі зауыт ұжымымен кездесті. Мұнда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Жалпы логистикалық жүйенің үздіксіз қызметін қамту маңызды. Себебі, экспортты дамыту ел үшін валюталық түсім алуға, яғни теңгені тұрақтандыруға септігі зор. Жиында «Бала нәсібі» балалар капиталын енгізу жайы да сөз болды. Мысалы жыл сайын 400 мыңдай нәресте дүниеге келеді. Ал бюджет мүмкіндігін ескере отырып, әр балаға берілетін төлемді 32 мың теңгеге дейін көтеруге кедергі жоқ,-дейді. Бұдан басқа «Ауыл» партиясындағылар Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстарындағы кәсіпорын ұжымдарымен және тұрғындармен кездесті.  

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы Павлодардағы ірі кәсіпорындарға барып, жұмысшылармен кездесті. «Жаңа Роса» серіктестігінде өндірістегі жұмыс орындарының жағдайымен танысып, ұжымның әлеуметтік тұрғыдан қорғалу мүмкіндіктері талқыланды. Әсіресе кәсіпорынның негізгі жұмысы дайын өнім шығаруды тоқтатпаудың жолдарын дамытуға баса назар аударылды. 

Ринат Ақанов, Ақсу қалалық мәслихаты депуттатығына үміткер:
-Бүгінгі кездесуде біз алдымен жұмыс орындарын сақтап қалуға көңіл бөліп жатырмыз. Мәселен, жас мамандар, әсіресе медицина мамандары ауылдық аймақтарға барғанда оларға қандай әлеуметтік көмек беріледі? Ауылда ұстап қалу үшін жағдай жасалып, ерекше мән берілуі керек.

Кездесуде әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, шекараға жақын елді мекендерден тұрғындардың көшуін тоқтату, салық және несиелік өсімдерді азайту мәселелері көтерілді.    

Фуат Сатыбаев, «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы:
-Салық пайызын азайту керек. Ең төменгі төлемді көтеру керек. Қазір 40 мың деген адамның күнкөрісіне жете бермейді. Ал, үй алу және басқа мәселелелер артта қалады. Еңбекақы 60-70 мыңнан төмен болмауы керек. Инвестицияны салықтан босатуымыз қажет. 

Нысаналы Ығыл 

Хабарламаларға жазылу