Биыл әлеуметтік салаға бюджеттен 7 трлн теңге қарастырылып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл әлеуметтік салаға бюджеттен 7 трлн теңге қарастырылып отыр

04.01.2021

Биыл елдегі әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру үшін бюджеттен 7 триллион теңге қарастырылып отыр. Ал, осыншама қаражат қалай игерілмек? Әлеуметтік төлемдердің мөлшері қаншалықты өсті? Жаңа жылдағы өзгерістерді тілшіміз шолып көрді. 

Өткен жыл әлеуметтік салаға ауыр тиді. Карантин салдарынан табыссыз қалғандар көбейіп, тұрғындардың әл ауқатына әсер етті. Сол себепті, биыл әлеуметтік төлемдердің көлемі артқан.  

Мәселен, мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 5 пайызға, адамның жасына байланысты берілетін зейнетақы 7 пайызға ұлғайды. Енді базалық зейнетақы - 18 524 теңге болса, ең төменгі зейнетақы - 43 272 теңге. Ал, елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып бекітілді.  Бала бір жасқа толғанға дейін және бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы, сондай-ақ, мүгедектікке байланысты берілетін төлем де көбейді. 

Гүлмира Сүлейменова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы: 
-Мүгедек балаларды тәрбилеп отырған балаларға ата-аналарға, қамқоршыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшерлері 2021 жылға 1-ші қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне орай арттырылатын болады. Сонымен қатар, еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысына айырылуға байланысты мемлекеттік әлеуметті сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер 5 пайызға арттырылатын болады. 

Биыл түрлі сала бойынша еңбекақы да еселенді. Мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Сонымен қатар, стационарлық медициналық мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің айлығы артты.  

Еңбек министрлігінің мәліметінше осы салада лауазымдық жалақы биыл 1,5 есеге, ал, 2023 жылы қазіргі мөлшерден 2 есеге өседі. Бұл үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 95 миллиард теңге қаралған.  Әлеуметтік салада қолға алынған тағы бір жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы». Былтыр осы жоба аясында 240 мың адам адам жұмысқа орналасса, биыл көрсеткішті одан да арттыру көзделіп отыр. 

Бүгінде елдегі әлеуметтік мәселелер 17 заң және 100-ден аса нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Ал, биыл сала министрлігі осы заңдарды біріктіретін әлеуметтік кодекстің тұжырымдамасын ұсынбақ. Жаңа кодексті әзірлеу шеңберінде бірыңғай минималды әлеуметтік стандартты анықтау жоспарланған.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу