Бюджет қаржысының 40% әлеуметтік салаға жұмсалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджет қаржысының 40% әлеуметтік салаға жұмсалады

09.12.2023

Келер жылы бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге қарастырылып отыр. Бұл көпбалалы әрі жағдайы төмен отбасыларға жақсы жаңалық. Дегенмен, экономистер бюжедтің кірісінен шығысы көбейгенін айтады.

Әйгерім Жұбаниязова мен күйеуі бес баласымен осы аядай бөлмені жалдап тұрып жатыр. Жолдасы екінші топ мүгедегі, еңбекке жарамсыз. Отбасын асырап отырған мемлекеттен берілетін жәрдемақы. Анда-санда көрші-қолаңның үйін тазалап, азын-аулақ ақша тапқаны болмаса, басқа табысы жоқ. Келесі жылы жәрдемақы 7 пайызға өскенін естіген келіншек қуанып отыр.

Әйгерім Жұбаниязова, қала тұрғыны:

Көтерілсе қуанымыз біз. Бірақ ол көтеріледі, сонымен қоса азық-түліктің де бағасы көтеріледі. Бізге бір керемет тамақ керек емес. Нанымыз, макаронымыз, картобымыз, сұйық майымыз және баламызға керек жөргектер. Арасында «Био С» аламыз. Оны балаға ғана қойып қоямыз. Үнемдеп береміз оны.

Ресми мәліметтерге сүйенсек елімізде жәрдемақы алатын 550 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Оларға берілетін жәрдемақының жыл сайын өсуі инфляциямен байланысты дейді, экономистер. Жалпы, келесі жылы бірқатар әлеуметтік төлемдердің көлемі ұлғаяды.

Мысалы, ең төменгі жалақы – 85 000 теңгеге, мемлекеттік базалық зейнетақы – 28 215 теңгеге, ең төменгі зейнетақы – 57 853, айлық есептік көрсеткіш – 3 692 ал, ең төменгі күн көріс деңгейі – 43 407 теңгеге өседі.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылға арналған түсімдер 16,1 трлн теңге. Ұлттық қордан тағы 3,6 трлн теңге трансферт тарту жоспарланып отыр. Өйткені келер жылы бюджеттің шығысы биылғымен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артық болады. Яғни, бюджет тапшылығы айқын сезіліп отыр.

Айбар Олжай, экономист:

Біздің бюжетіміз әлеуметтік бюджет деп саналады. Басқа елдермен салыстырғанда бізде әлеуметтік төлемдерге жартысына жуығы, кейде жартысынан астамы жұмсалып отырады. Бұл бір жағынан жақсы. Бірақ екінші жағынан біздің қорларымызға үлкен жүктеме түсіреді. Сондықтан біз жыл сайын ішкі және сыртқы қарызды ұлғайтуға мәжбүрміз. Өйткені бюлжеттің дефитциті деген ұғым бар. Біздің салықтан жинайтынымыз бен сол бюджеттен құртатынымыз бір-біріне сәйкес келмейді, Біздің тапқанымыздан құртатынымыз көп.

Келер жылға қарастырылған 20 трлн теңгеден астам қыржының шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Оның ішінде зейнетақы, жәрдемақы, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы және өңірлерді дамыту бар.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бюджет тапшылығы туындамас үшін ең алдымен өндіріс көлемін ұлғайту керек дейді мамандар. Еңбекке қабілетті азаматтар санының артуы да бұл мәселені шешуге сеп болады. Сонда ғана әлеуметтік төлемдердің көлемі азаяды.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу