«ADAL» партиясының үгіт-насихат тобы Алматыдағы ірі базарларға барып, кәсіпкерлердің жағдайымен танысты. Себебі, елде карантин жарияланғалы бері осы сала тұралап қалды. Сондықтан, шағын және орта кәсіпті дамыту негізгі мақсат дейді депутаттыққа үміткерлер. Бұдан бөлек, адалдықтар жастармен онлайн форматта кездесіп, жұмысқа орналасу мәселесін талқылады.
Жоғарғы оқу орнын аяқтаған жастардың арасында жұмыссыз қалып жатқандар көп. Сондықтан, жиын барысында депутаттыққа үміткерлер мектеп түлектеріне мамандық таңдауда бағыт-бағдар берудің аса маңызды екендігін атап өтті. Сонымен қатар, шараға қатысушылар осы бағыттағы бірқатар нақты ұсыныстарын да жеткізді. Партия өкілдері өтініштердің барлығын ескеріп, жауапсыз қалдырмауға уәде етті.
Базарларда жабайы саудамен айналысатындарға даладағы орындар арзан бағаға беріледі. Ал жабық нысандарды жалға алуға саудагерлердің қалтасы көтермейді. Сондықтан, жабайы саудаға арнайы орындар бөліп, қолдау көрсету керек.
Дәулет Мұқаев, «ADAL» партиясының мүшесі:-Базар мәселесінде көп адамдар шағымдарын айтып жатты. Тексеріс көп. Сондықтан да бюрократияны азайту керек.
Карантин кесірінен жұмысы тұралап қалған кәсіпорындар аз емес. Тіпті банкрот болып, жабылғандары қаншама. Ал шағын және орта бизнесті дамытпай экономика гүлдемейді. Сондықтан, кәсіпкерлерге ешқандай кепілсіз ары кетсе 6 пайызбен несие беру тетіктерін қарастыру керек. Сонда ғана жұмыссыздық азайып, базарда арба итеріп жүрген жастар кәсіпке бет бұрады. Басты мәселе халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту дейді адалдықтар.
Нұрхан Нұрланұлы