Коронавирустың жаңа штаммы АҚШ-қа да жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустың жаңа штаммы АҚШ-қа да жетті

30.12.2020

Пандемия басталғалы әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 82 миллионнан асты. Миллиардтаған адам оқшаулау режимінде өмір сүруде. Індеттің таралуы әлі де бәсеңдемей тұр. Көптеген елдерде жаппай екпе егу науқаны басталса да, мемлекеттер карантинді күшейтуге мәжбүр. 

Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа штаммы АҚШ-қа да жетті. Сонымен қатар, ол Италия, Чили, Үндістан мен Пәкістанда да анықталып отыр. Құрама Штаттарда дертке шалдыққандар саны 20 миллионға жуықтап қалды.

Біріккен Корольдікте жаппай тестілеу басталғалы бір тәулікте вирус жұқтырғандар бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелген. Күні кеше 53 мыңнан астам адамнан індет анықталды. Сондықтан бүгіннен бастап шектеу шаралары төртінші деңгейге дейін көтерілді. Және де мемлекет алғашқы болып AstraZeneca компаниясы мен Оксфорд бірлесіп шығарған вакцинаны мақұлдады.

Джун Рейн, медициналық тауарларды реттеу агенттігінің атқарушы директоры:
-Препараттың қауіпсіздігі бірінші орында. Оны 18 жастан бастап қолдануға болады. Сондықтан вакцинаның сапасына алаңдамауға болады. Ол жан-жақты тексерілді. 

Франция әзірге үшінші локдаун жарияламайды. Алайда мейрам қарсаңында бірқатар талаптар қатаңдатылмақ. Мұнда күніне 11 мыңнан астам адам инфекция жұқтыруда.

Оливье Веран, Франция денсаулық сақтау министрі:  
-Оқшаулау режимін тағы енгізуге қарсымыз. Десе де коменданттық сағат күндерін де, уақытын да ұзартамыз. Енді ол кешкі 8-ден емес, 6-дан басталады.

Ал Түркия қытайлық Sinovac екпесінің алғашқы партиясын сатып алды. Препарат 14 күн тестілеуден өткен соң, медицина мамандары мен егде жастағы тұрғындарға салына бастайды. Жалпы елде «ковид» жұқтырғандар саны 2 миллион 170 мыңнан асып, 20 мыңдай науқас қайтыс болды.

Жансая Қапасқызы 


Хабарламаларға жазылу