2020 жыл. Қиын, күрделі жыл болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жыл. Қиын, күрделі жыл болды

27.12.2020

Сонымен жылдың аяқталуына 4 күн қалды. Наурыз айынан бергі жазған мәтіндерімізді парақтап, көктемдегі төтенше жағдай, одан кейін ахуалдың ушығуы – бәрі-бәрі қайтадан көз алдымызға келді. 29 наурызда «Жағдай «өй, қойыңдаршы» дейтін емес. Бетін аулақ қылсын, мына түрімен кете берсе, індет жұқтырған адамды жатқызатын орын таппай қаламыз. Сонда қалай болады?» деппіз. Өкінішке қарай, дәл солай болды.  

Сол эфирде «Күнделікті нанын күнде тауып жүргендер қиналып жатыр. Әсіресе жалғызбасты аналар балаларына беретін ас таппай қалған. Әлеуметтік желілерде тізімдер тарай бастады» дегенді айттық.

Ал шілдедегі шығарылымда берген материалдың тұжырымы: «Денсаулық сақтау жүйесінің коллапс дерлік жағдайы, дәрі-дәрмек тапшылығы, дәрігер жетпей жатқаны көктемдегі төтенше жағдай кезінде атқарушы биліктің де, азаматтардың да тиісті қорытынды шығармағанынан дейді мамандар. Әсіресе атқарушы биліктің. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі өте қауіпті вирус шыққанын, алдын алатын вакцина да, емдейтін препарат та жоқтығын біле тұра вирус таралуының шарықтау шегінде. 3500 адам жұқтырады деп болжам жасаған еді. Ал енді қауіптің масштабын осылай деп қабылдаса, оны еңсерудің шаралары да сол деңгейде қарастырылған ғой?!

Үш ірі қалада арнайы салғызған госпитальдердің әрқайсысы 200-ақ орынға шақталып тұрғызылғаны, дәрі, қорғаныш заттарының неге жетпей жатқаны түсінікті. Медицина қызметкерлеріне өтемақы, табыссыз қалғандарға жәрдемақы берілгенде шыққан шуға орай әр түрлі ақталулар мен түсіндірулердің болымсыз екенінен-ақ, «сол баяғы ән» екені белгілі болған» дегенбіз. Онлайн оқытудың проблемалары туралы да аз айтылмады. «Білім биігіне өрмелеу деген интернетке қосылудың амалын іздеп тау-тасқа шығу емес» деп арнайы репортаж да дайындалды.

Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын бұрынғыша өткізе алмауымыздың ащы болса да мәні бар. Біз сияқты «Бекер мал шашпақтарға» «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?» дегендей.

Істелуі тиістің істелмей немесе қате істеліп жатқаны бір әңгіме. Әркім өз жауапкершілігін барынша ұғатын, соған сәйкес қимылдайтын шақ. Ашу-ызаға күш жоғалтқаннан пайда жоқ. Одан мысалы, вирус жоғалып кетпейді. Данияр Қайыртайдың шолуы.


Хабарламаларға жазылу