ҚХП мүшелері Павлодар қаласының жұртшылығымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХП мүшелері Павлодар қаласының жұртшылығымен кездесті

25.12.2020

Саяси партиялардың облыстарда үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Мәжіліс депутаттығына үміткерлер сан-сала бойынша алға қойған мақсаттарын баяндады. Тұрғындардың пікірлерін тыңдап, жұмысшы топтардың жағдайына қанықты.  

Бүгін Қазақстан Халық партиясының мүшелері Павлодар қаласы жұртшылығымен кездесті. Жиынға партиялық тізімдегі Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға кандидаттар қатысты. Қоғамда әлеуметтік әділдіктің болуы, тегін білім беру, медицина қызметінің қолжетімділігі, кәсіп ашамын деген адамға несиені төмен пайызбен беру сынды мәселелер назарға алынды. Партия мүшелері өңірдің қалалық аймақтарында негізінен ірі кәсіпорындарға барып, ондағы жұмысшылармен кездескен. Сондай-ақ ауыл халқы да шет қалмады. Әсіресе шалғай елді мекендердегі тұрмыстық жағдайға ерекше мән берді. Партия мүшелерінің сөзіне қарағанда тұрғындар бұрынғыдай жеке мәселелерді емес, көпшілікке ортақ шешімін табуға тиіс өзекті сауалдарды көтеретін болған. 

Сағындық Мейірманов, Павлодар қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат:  
 -Ауыл шаруашылығын дамыту тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселе. Әсіресе жастарды ауылға тұрақтандырудың өзектілігі ерекше байқалады. Қазір олар ауылдан кетіп қалған. Қаладан кері қайтқылары келмейді. Ол үшін ауылда қаладағыдай жағдай болуы керек. Ал, жасы келген адамдарға мал ұстаудың өзі оңай шаруа емес. Тағы бір жиі айтылатын маңызды мәселе зейнет жасын бұрынғы қалпына келтіру. Жасы ұлғайған шақта ауылда тұрып, ауыр жұмысты атқару шыныменде адамды шаршатады. Бұлардың бәрі ескерілуі қажет. 

«Ауыл шаруашылығы саласына әлі де қолдау қажет». Ақтөбе қаласындағы ет өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорын жұмысшыларымен кездескен «Ауыл» партиясының өкілдері осылай дейді. Кәсіпорын жылына 400 тонна консервіленген ет өнімдерін шығарады. Ірі қара мен қой жергілікті шаруалардан сатып алынады. Қазір бұл жерде 60-тан аса адам еңбек етеді.  

«Ауыл» партиясының өкілдері 100 пайыз отандық ет өнімін шығаратын дәлосындай кәсіпорын еліміздің әр өңірінде болуы керек дейді. Ол үшін мемлекеттарапынан әлде де қолдау керек. Әсіресе, ауылдағы жастарға көңіл бөлген дұрыс.  

Кенжеғали Машырықов, «Ауыл» партиясынан мәжіліс депутаттығына үміткер:   
-Жалпы, ауыл мен қаланың деңгейі бірдей болу керек. Не себепті? Себебі, ауылдан жастар көптеп кетіп жатыр. Қазір Солтүстік Қазақстанда жүзден аса мектеп жабылып қалды. Біздің негізгі мақсатымыз, түп мақсат – ауылды көтеру.  

«Ақ жол» демократиялық партиясы ел дамуы үшін түбейгейлі өзгерістер жасау қажет деп санайды. Ол үшін билік әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асыру қажет,-дейді олар. Бүгін Шымкент қаласының мектеп ұстаздарымен кездескен «Ақжол» демократиялық партиясының өкілдері сайлауалды бағдарламасындағы әлеуметтік салаға негізделген бағыттарды түсіндірді.  

Саяси ұйым мүшелері бүгін шаћарда автошеру өткізді. Әуежайдан шыққан көліктер қаланың орталық көшелерін бойлай жүріп, жұртшылықты саяси белсенді болуға шақырды. Мұнан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Қасірет мемориалына гүл шоқтарын қойып, марқұмдардың әруағына құран бағыштады. Мегаполистегі бірқатар еңбек ұжымдарымен кездескен «ақжолдықтар» Шымкенттегі жаңадан салынып жатқан әуежай терминалының құрылысымен танысты.   

Азат Перуашев, «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы:  
-Әуе тасымалының сапасына әлі күнге дұрыс мән берген жоқпыз. Егер біз авиатранзиттік салаға дұрыстап мән берсек, оның экономикалық потенциалға, бизнеске әсері бар екеніне көзіміз жетіп отыр.  

«Адал» саяси партиясының өкілдері бүгін ақтаулықтарға «Өңірлерді дамыту» платформасын таныстырды. Барлық аймақтың бюджеті көрсетілген жаңа жүйеге, еліміз бойынша 6 мыңнан астам ауылдың проблемасы енгізілген. Енді, кез келген тұрғын лайк басу арқылы өз аулының мәселесін шешуге атсалыса алады. Адалдықтар жаңа электронды платформа өңірлердің дамуына айтарлықтай ықпал етеді деп сенеді. Ол арқылы қарапайым халық бюджеттің игерілуін бақылап қаржыны ең өзекті мәселеге бөлуге атсалысады.     

Мақсат Толықбай, «Адал» партиясынан мәжіліс депутаттығына үміткер: 
-Оп-оңай кіресіз. Проблемалар жазулы жол, су, жылу үстіне лайк басу арқылы кім көп лайк сол проблема жоғарыға шығады. Ертең бюджет бөлінетін кезде біз әкімдерді міндеттейміз.  

Партия өкілдері Маңғыстауға алдын-ала зерттеу жүргізген. Нәтижесінде аймақта жұмыссыздық, табыстың төмендігі, несие машақаты, шаруаларға субсидия берілмеуі секілді мәселелер өршіп тұр. Адалдықтар осы түйткілдерді шешуге бақытталған ұсыныстарын айтты.    

Эльдар Жұмағазиев, «Адал» саяси партиясы саяси кеңесінің мүшесі:   
-Бюджетті қалыптастыруға халықтың өзі араласуы керек. Біздің жасаған сараптамалық ақпаратымыз, біздің сайттағы инструментіміз Президент айтқандарды орындауға бағытталған қадамдар.  

«Адал» партиясының өкілдері одан әрі шағын аудандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Ал, ертең Мұнайлы ауданына жол жүреді.   

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу