Қазақстандықтар жаңажылдық дастарханға қанша ақша жұмсайды

24.12.2020
Қазақстандықтар жаңажылдық дастарханға қанша ақша жұмсайды

Дереккөзіне сүйенсек, ел тұрғындары мерекелік дастарханға 20 мың теңгеден астам қаражат жұмсайды.

Ұлттық банк веб-скрепинг әдісі арқылы (мәліметтер веб-сайттар арқылы алынады) қазақстандықтардың жаңажылдық дастарханға қанша ақша жұмсайтынын анықтады. Деректерге сәйкес, ел тұрғындары мерекелік дастарханға 21 108 теңге жұмсайды екен.

Бас банкте «Galymzhan» атты тұтынушылық бағаны мониторингтеу және сараптау жүйесі іске қосылған. Бұл жүйе интернетте қолжетімді тауарлардың бағасын жинақтайды. Дәл қазір жүйеде Қазақстанның 6 қаласы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Павлодар) бойынша тауарлар бағасы туралы мәлімет бар.

Жаңа жыл қарсаңында сарапшылар осы жүйе негізінде мерекелік дастарханға жұмсалатын қаражатты анықтап көрді. Ал мерекелік дастарханның құны Қазақстан бойынша үй шаруашылығындағы адамдардың орташа санын ескере отырып есептелді (4 адам).

«Сараптама бойынша, орташа есеппен қазақстандықтар жаңажылдық дастарханға 21 108 теңге жұмсайды. Елорда тұрғындарының шығыны бәрінен көп болып шықты - 23 117 теңге, Ал Павлодар тұрғындары ең аз қаражат жұмсайды - 19 195 теңге», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Бір ерекшелігі, қалалар бөлісінде Шымкент жалақы мөлшері ең төмен өңір саналса да, шымкенттіктер мерекелік дастарханға Қарағанды мен Павлодар тұрғындарына қарағанда көп ақша жұмсайтын болып шықты.

Айта кетейік, сарапшылар тауар бағасымен қатар, аймақтағы халықтың сатып алу қабілетінің жанама индексін (орташа жалақы бойынша анықталады) де назарға алған. 

«Мәселен, сатып алу қабілеті жоғары өңірлер бойынша Нұр-Сұлтан қаласы (11,54 үстел) көш бастап тұр. Ал ең төменгісі Шымкентте (6,73 үстел) байқалады», - делінген хабарламада.


Хабарламаларға жазылу