«Ақжолдықтар» Семей халқымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақжолдықтар» Семей халқымен кездесті

23.12.2020

Бес партия өкілдері өңірлерді аралап тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдады. Үміткерлер әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және қарапайым тұрмысты жақсарту бойынша жоспарларымен бөлісті.  

Семейде ҚХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Оксана Шишкина халықпен кездесті. Үгіт-насихат жиыны кезінде сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Онда табиғи ресурстардан түскен пайданы ашық әрі әділ түрде бөлу, елді шикізат экспортынан арылтып, экономиканың өзге түрлерін жандандыру жайы сөз болды. Мәселен, ауылшаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика мен химия өндірісін ширата түсуге мемлекеттің мүмкіндік мол – дейді үміткер.  

Спикерлердің пікірінше, қазір мемлекет жастардың дамып, жетілуі үшін олардың барлық әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп, тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек. Төменгі палата депутаттығына үміткер Оксана Шишкина қазіргі жастардың негізгі екі проблемасы бар екенін атап өтті. Олар – жұмысқа орналасу және жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазақстандағы қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары жастар үшін қолжетімсіз екенін, оларды жас отбасылардың пайдасына қарай өзгерту қажетігін айтты.

«Nur Otan» республикалық сайлауалды штаб мүшелері Атырау облысына барды. Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысшыларымен кездесу барысында экология, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мәселелері талқыланды. Партия алдағы 5 жылда өңірде кемінде 100 мың жұмыс орнын ашуға, 10 жаңа денсаулық сақтау нысанын, 11 мектеп пен 56 балабақша салуға уәде береді. Сондай-ақ, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға 7 мың пәтер берілмек. 

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы жылыжай шаруашылығымен айналысатын диқандардың өнімі көрші Өзбекстан елінің тауарларымен бәсекеге шыдас бере алмай келеді. Өйткені елімізде коммуналдық қызмет түрлерінің бағасы тым қымбат. Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы өкілдерімен кездескен шаруалар осы секілді бірқатар түйіткілді мәселелерін сөз етті. Олардың айтуынша отандық бау-бақша өнімдерінің қымбат болуына транзиттік салықтар да өз әсерін тигізіп отыр. Осыған сәйкес «Ауыл» партиясы азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты кешенді өзгеріс әкелетін заң жобасын әзірлеуді сайлауалды бағадарламсының басым бағыты ретінде қарастырып отыр. Бүгінде тұтас ел аумағындағы жылыжайлардың 80 пайыздан астамы Оңтүстіктің үлесінде болса, оның үштен бірі тап осы Сарыағаш және Келес аудандарында өндіріледі. Түстіктің диқандарын тағы бір қинап жүрген жәйт субсидиялау ережелеріндегі талаптардың әр аймақтың табиғи ерекшелігіне сай келмеуі.

Болатбек Қыстауов, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясының мүшесі: 
-Коммуналды шығындар бойынша мемлекет тарапынан субсидия беру. Соның есебінен өзіндік құнын арзандату. Екінші мәселе қосымша құн салығынан толығымен босату. Соның нәтижесінде бізде бірінші бәсекеге қабілеттілік, сапа жағынан да, баға жағынан да жоғары болар еді.  

Семейде «Aq jol» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы бір күнде халықпен бірнеше кездесу өткізді. Партия өкілдері «Казполиграф» ЖШС-нің цехында болып мекеме жұмысшыларымен кездесті. Жиынға қатысқандарға Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. «Ақжолдықтар» қала тұрғындарымен де кездесті. Партия өкілдерінің айтуынша, саяси науқанның алдында дайындалған бағдарламада барлық сала қамтылған. Әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күресуге баса назар аударылып отыр. Мемлекетті Парламенттік басқару жүйесіне ауыстыру да партияның басты ұстанымы. Саяси өзгерістерге үндеген партия мемлекеттік бюджетті бақылауды да Парламентке беріп, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды таратуды ұсынады. Кәсіпкерлердің жағдайын жақсарту үшін қосымша құн салығын төмендетуге шақырды.

Рахат Алтай, Семей аймақтық «Aq jol» партиясының төрағасы:  
-Біз ойлаймыз, егер билік дұрыс болатын болса халықтың тұрмысын елу жылда емес, бес жылда түзеуге болады. Өйткені, 20 миллион деген халық өте аз. Бір қаланың халқындай. Мәскеуде өзі 20 миллионнан көп тұрады. Сондықтан осы бағдарламамызда көрсетілген барлық сала бойынша, 5 жылда түзетуге болады.   

«ADAL» партиясынан Мәжілісдепутаттығына үміткерлер Ақтөбе қаласының тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді. Партия белсенділері алдымен, әр салада еңбек етіп жүрген жастармен кездесті. Мәжіліс депутаттығына үміткер Ләззат Шыңғысбаева мемлекеттен бөлінетін қаржы әр аймаққа теңдей бөлінуі тиіс дейді.

Ләззат Шыңғысбаева, «ADAL» партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткер: 
- Біз айтамыз, кәсіпкерлік – орта және шағын бизнес дамып жатқан мемлекет – экономикасы мықты мемлекет. Нарығымыз дұрыс жұмыс жасау үшін аудандарда, ауылдарда бизнеске халықты тартуымыз керек. 

 «Адалдықтар» коммуналдық базар сатушыларымен кездесіп, көкейтесті мәселелерін тыңдады.

Әнуар Керімбаев, «ADAL» партиясының өкілі: 
-Әрбір кәсіпті ашу үшін оның сұранысы бар ма, жоқ па, соны анықтау керек. Ол үшін біздің сайтта маркетинг бар. Ақтөбе қаласы бойынша қанша дүкен, шаштараз керек, соған бүкіл жауабы бар. 

Партиядан Мәжіліс депутаттығына үміткер Мақсат Толықбай сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын ұжымымен жүздесті. Мұнда 100-ге жуық адам еңбеке етеді. Орташа айлық 66 мың теңге. Партия өкілі елдегі орташа жалақы 200 мыңнан кем болмауы керек дейді. Сондай-ақ, төменгі күнкөріс мөлшерін екі есеге жуық артуы тиіс.

Нысаналы Ығыл, Асима Нұрбайқызы 


Хабарламаларға жазылу