Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі атауын өзгертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі атауын өзгертті

21.12.2020
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі атауын өзгертті

Мемлекет басшысының 2020 жылдың мамырында берген тапсырмасына сәйкес, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Акционерлік Қоғамы («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) өзінің ресми атауын «Отбасы банк» деп өзгертті. 


Бұл туралы банктің сайтында хабарланған. 2020 жылдың 20 желтоқсанында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын ««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамына қайта тіркеу жүргізілді. 

Бүгінгі күннен бастап Банктің толық атауы: 
- мемлекеттік тілде: ««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы; 
- орыс тілінде: акционерное общество «Жилищный строительный сберегательный банк «Отбасы банк»»; 
- ағылшын тілінде: joint stock company ««Otbasy bank» house construction savings bank». 
қысқаша атауы: 
- мемлекеттік тілде: «Отбасы банк» АҚ; 
- орыс тілінде: АО «Отбасы банк»; 
- ағылшын тілінде: JSC «Otbasy bank». 

Банктің жалғыз акционері болып - акциялардың мемлекеттік пакетін иеленуге және пайдалануға 100% құқығы бар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қала бермек. Банктің заңды тұлға ретіндегі ресми атауы ғана өзгертіледі.

Бүгіннен бастап «Отбасы банк» деп аталатын бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын банк ретінде қала бермек. Сондай-ақ қаржы құрылымы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы міндетіндегі қызметін де өзгертпейтін болады.  Сонымен қатар, 2021 жылы «Отбасы банк» тұрғын үйді тіркеу, есепке алу, үлестіру жұмыстарын бір орталықтан жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтына айналады.  

«Банктің дамыған инфрақұрылымы, ақпараттық және технологиялық қоры тұрғындарымызды, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетеді, үй алуға кезек құру жүйесін басқару мүмкіндігін кеңейтеді, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға баспана алу рәсімін оңтайландырады. Сонымен қатар Банк 1,7 миллионнан астам салымшы мен 181 мыңға жуық займ алушыларға қызмет көрсетуін жалғастыра отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберіндегі өзінің негізгі қызметін үзбейді» - деп, Банктің атауы өзгеруіне байланысты «Отбасы банк» Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова пікір білдірді.

Бүгінгі күні Банктің депозиттік портфелі 976 млрд теңгеге тең. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге дейін жетеді деп жоспарлануда.


Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Отбасы банк

Хабарламаларға жазылу