Расул Жұмалы: Ресейлік тарап әзірше кешірім сұрамаса да, бір нәтижелер шығару керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Расул Жұмалы: Ресейлік тарап әзірше кешірім сұрамаса да, бір нәтижелер шығару керек

20.12.2020

Апта Тәуелсіздік күні аясында өтті. Бұл күндердің қадір-қасиетін түсінбейтін азамат жоқ шығар. Дегенмен биыл пайымымыз арта түскендей ме, сондай сезім бар. Коронавирус пандемиясы бүркемелеп қойған көп жараның бетін ашты, қаншама адамнан айырылдық. Қаншама мың адам табыссыз қалды. Қазір жүріп жатқан оқу процесі де алаңдатады. Мұның бәрі Президент өткен аптада айтқандай – мемлекеттің басқару жүйесін қайта құру керек екенін көрсетеді.   

Ал соңғы апталарда Ресей думасы депутаттарының арандатулары мың сан проблемаға қарамай, қоғам үшін мемлекетіміздің тұтастығы, дербестігі бәрінен маңызды екенін көрсетті. Президент мемлекеттік марапаттарды тапсыру кезінде көп дүниеге тоқталды. Геостратегиялық белгісіздік жағдайында мемлекеттердің халықаралық аренадағы саяси өзімшілдігі мен экономикалық ұлтшылдығы күшейетініне назар аударды. Бұл туралы және көрші елдің қыжыртпа сөз айтып жүрген саясаткерлеріне байланысты саясаттанушының пікірін сәл кейін береміз.

Сонымен, Ресей депутаттарының біздің территориямызға байланысты ашуымызды келтірген мәлімдемелеріне қайта оралсақ, саясаттанушы Расул Жұмалы ұлттық мүдде, территориялық тұтастық секілді принципті мәселелерге келгенде лайықты жауап беру керектігін айтты.   

Біз тоқталатын бір штрих - Ресейде шығатын либералды, оппозициялық «Новая газета» басылымы сөз етіп отырған мәлімдемелерге байланысты «Ресей саясаткерлері еліміздің әлемде бірде-бір одақтасы қалмауы үшін бәрін істеп отыр» деп, мақала басты. Демек орыс саясаткерлерінің айтқандары әшейін «төгіле салған жуынды» емес, үлкен саясаттың қыл-қыбыры екенін сауатты адамның бәрі байқап отыр.


Хабарламаларға жазылу