«Ақжол» партиясының өкілдері кәсіпорын ұжымымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақжол» партиясының өкілдері кәсіпорын ұжымымен кездесті

11.12.2020

Бүгін үгіт-насихат жұмыстарының екінші күні. Саяси партиялар белсенді. Сайлау алды бағдарламаларын таныстырып жұртшылықпен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.  

Қазақстан Халық партиясы саяси ұйымының басты ұраны –қарапайым азаматтардың құқығының қорғалуы. Партия халықты тегін әрі сапалы білім және медицинамен қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып отыр. Зейнеткерлікке шығу жасын 60-тан асырмауды көздейді. Несиеге амнистия жарияланса, ел дағдарыстан шығады,-деген ұсынысы бар. Бүгінде саяси ұйым «URANkz» республикалық қоғамдық бірлестігімен өзара қызмет етіп жатыр. Оның аясында партия өкілдері Солтүстік өңірде, Атырау және Ақтөбе облысында болып қайтты. Әлеуметтік мәселелермен танысты. 

Айқын Қоңыров, Қазақстан халық партиясының төрағасы: 
-Бүгін Telegram каналында онлайн референдум болды, онда тегін білім алу, несиелік амнистия, зейнеткерлік жасты төмендетуге қатысты сұрақтар талқыланды. Еліміздің тұрғындарын осы мәселе қатты алаңдатады. Бұған қатысты сұрақтар жауапсыз қалмайтынына сенімдімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге мемлекеттің халық үніне құлақ асатынына уәде берген. Бұл уәде орындалуы үшін біздің партия қолдан келгеннің бәрін істейді. 

«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жүрегі». Таразда облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың қатысуымен өткен шараның тақырыбы осындай. Жиынға Жамбыл облысындағы шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Онда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды бағдарламасы талқыланды. Таратсақ, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау, азық-түлік өнімдері мен ауылшаруашылық шикізатын өндіруге көңіл бөлінген. Сондай-ақ сату, экспорттау және импорттау бойынша айналымды қосымша құн салығынан босату жайы сөз болды.  

«Ақжол» партиясының үгіт-насихат тобы Алматыдағы ірі кәсіпорындарға барып, жұмысшыларымен кездесті. Олар ұжымның әлеуметтік жағдайымен танысып, өндіріс барысын бақылады. Кездесуде жұмыссыздықпен күрес, кәсіпкерлікті қолдау, жалақы, салық, несие мәселелері көтерілді. Сәйкесінше, кәсіптегі кез келген проблеманы оңтайлы шешіп, өндірісті тоқтатпаудың жолдарын арттыру партияның басты мақсаты екені айтылды. Әсіресе, қауіпті вирус өршіген шақта мекемелердің негізгі жұмысы тұралап қалмау керек дейді партия төрағасы. Олар алдағы бір айда еліміздің барлық аймағында осындай шаралар өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек. 

Азат Перуашев, «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы: 
-Отандық өндірушілер яғни, осы індеттен де зардап шеккеннен кейін мұндай өндірушілерімізді ерекше, дұрыстап қарауымыз керек деп санаймын. Тек қана экономикалық, әлеуметтік мақсатымызды емес, сонымен бірге өзіміздің саяси бағдарламамызды жеткізуіміз қажет.  

«Адал» партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар сайлаушылармен кездесуін Жетісу жерінен бастады. Партия мүшелері сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, мақсат-жоспарларымен бөлісті. Бюллетень тізімінде бесінші болып орналасқан партия негізгі бес бағытты ұстанып отыр. Әлеуметтік мәселелер, ауылды және ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, денсаулық саласын жақсарту, жастарға жағдай жасау – адалдықтардың алдағы ұстанымы. Алдымен жеке сайт ашып, ішіне түрлі платформалар енгізген «Адал» партиясы кез келген азаматқа бизнес-жоспарларды тегін ұсынып отыр.  

Алмасбек Садырбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат: 
-Бұрыңғы урбанизация процесіне қазіргі біздің ұсынысымыз реурбанизация процесін қоссақ. Өйткені қалаға барғанымен де ол жақта жұмыс орнымен қамти алып жатырмыз ба? Ол жақта тиісті табыс тауып жатыр ма? Ол жақта инфрақұрылым, қаланың өзі бәрі дайын ба? Оның бәрін өзіміз білеміз. Олай емес. Өйткені қала төңірегінде халық саны қаптап кетті. Сондықтан да ауылды жандандыруымыз керек. Ауылшаруашылығын дамытуымыз қажет.   

Нысаналы Ығыл 


сайлау партия

Хабарламаларға жазылу