Өскеменде Ертіс арқылы салынған көпірді кеңейту жұмыстары 6 жылдан бері бітер емес. Қаланың екі бөлігін жалғайтын өткелді жөндеуге тапсырыс берген әкімдік жауапсыз мердігермен келісімшартты үзді. Енді қайтадан тендер өткізіп, қалған шаруаны басқа компанияға жасатпақ. Ал экологтар болса құрылыс алаңындағы қалдықтар көктемде суға ағып, трансшекаралық өзен ластанады деп дабыл қағуда.
Берік Көшербай, тілші:-Бұл көпір тура жарты ғасыр бұрын салынған. Елу жылда ел жаңа деп, осыдан 6-7 жыл бұрын оны кеңейту туралы шешім қабылданды. Бастапқы жоба бойынша үстінде 6 жолақ болуы тиіс еді. Кейін жолақ саны 8-ге дейін көбейді. Бірақ, сол кезде басталған құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып, осы күнге дейін бітпей тұрады деп ешкім ойлаған жоқ.
Көпірді кеңейтіп көлік кептелісін азайту жоспарын әуелде 2-3 жылда жүзеге асыру көзделген еді. Бірақ мердігер компания қолға алған жұмысты ақырына жеткізбеді. Құрылыстан қалған қоқысты шашып кеткен.
Елена Березинская, экологиялық бастамалар қауымдастығы филиалының жетекшісі:-Бұл экологиялық апат. Құрылыс жүріп жатқан кезде де бүкіл қалдықты суға тастады. Енді қоқыстың барлығы көктемде су көтерілгенде төменірек орналасқан қалалық жағажайға қарай ағады. Одан ары қарай Шүлбі гидроэлектростанциясы мен Павлодар қаласына өтіп кетеді.
Облыстық экология департаменті өзен жағасына құрылыстан қалған қоқысты үйіп қойғаны үшін былтыр мердігерге 716 мың теңге айыппұл салды. Ал көпірді қайта жөндеуге о баста 2,5 миллиард теңге бөлінсе, кейін жобаға түзетулер енгізіліп, құрылысқа қажетті ақша көлемі еселеп көбейді. Бірақ қыруар қаражат бөлінсе де, мердігер жұмысшыларға жарты жыл бойы жалақы төлемей келген. Қалалық әкімдік онымен келісімшартты бұзып, ақшаның біраз бөлігін қайтарып алды.
Әлібек Тұрсымбетов, Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі:-Қазіргі кезде сот шешімімен 600 миллион теңге ақша қайтарылды. Сол ақшаға келесі жылы жөндеу жұмыстары толықтай аяқталады.
Көпірдің жөндеу жұмыстарын аяқтайтын жаңа мердігер әлі анықталған жоқ. Әзірге нысан күзетулі.
Ертіс көпірінің жалпы ұзындығы 320 метр. Осыдан төрт жыл бұрын ескі көпірдің бір бөлігі екіге бөлініп, бір жағы көкке көтеріліп қалған. Сонда осы көріністерді дүниежүзіндегі көптеген бұқаралық ақпарат құралдары көрсеткен. Енді келесі жылы құрылыс жұмыстары бітпесе, тарихта ең ұзақ жөнделген көпір ретінде қалатын түрі бар.
Берік Көшербай