Жамбыл облысында мыңдаған тонна көкөністі сақтайтын қойма жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында мыңдаған тонна көкөністі сақтайтын қойма жоқ

07.12.2020

Жамбыл облысында мыңдаған тонна көкөніс шіріп кетудің сәл ақ алдында. Себебі, өңірдің үш ауданында көкөніс сақтайтын қойма жоқ. Биыл өңір диқандары миллион тонна өнім жинады, алайда соның тең жартысын сақтау мүмкін болмай тұр.  

Биыл 24 гектар жерге пияз еккен Медеу Шаханов өнімнің бәрін жиын-терін кезінде-ақ алқап басынан сатып жіберуге тырысты. Себебі, өнімді сақтайтын жер жоқ, шаруаның биыл да шығыны шаш етектен.    

Медеу Шаханов, кәсіпкер:   
-Былтыр да осы жерде сақтадық, ол кезде де қараша айында қатты суық болды, одан кейін күн күрт жылып кетті. Содан біздің пияз бүліне бастады. Біз сорттадық , 70 пайызын тастадық, обал болды.  

Елімізде өндірілетін пияздың 75 пайызы Жамбыл облысында өсіріледі. Қазір Сарысу ауданында мыңдаған тонна пияз әлден жарамсыз деуге болады. Өйткені жалға алған қойманың сапасы сын көтемейді.  

Сәбит Әлдебай, тілші: 
-Кеңестік кезеңде салынған бұл көкөніс сақтау қоймасында көкөністі көп сақтау мүмкін емес. Өйткені байқасаңыздар, мұндағы температураны өлшеу үшін ыдыстарға су құйып қойған. Оның өзі мінекей қатып қалған. Осындағы мың тоннадай пиязды сақтау үшін осылай отын жағып амалдап отыр.  

Диқандардың өнімі дүкен сөрелеріне жетпей ақ іріп- шіріп жатқанда қажетті көкөніс облыс орталығы мен көршілес Түркістан облысынан тасымалданады. Соның кесірінен базарларға сыртан әкелінетін көкөніс бағасы күн сайын қымбаттап барады.  

Роза Қондыбаева, саудагер:    
-Қазір картоптан да қымбат, біздің қосатынымыз 5-10 теңге ғой. Павлодардан, басқа жақтардан 120 теңгеден келеді.  

Жалпы, Жамбыл облысында биыл 1 млн тоннадан астам көкөніс жиналған. Алайда ол өнімнің ең құрығанда жартысын сақтап қалу мүмкін болмай тұр.

Олжас Көкей, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары:   
-Қойманы 2021 жылға несие алып жасау жоспарда бар. Кәсіпкерлерге ұсынып, бірігіп үлкен қойма салу мәселесін қарастырып жатырмыз. 

Қойма соғамын деген кәсіпкерлерге жергілікті билік қол ұшын созбақ. Яғни, қойма салуға кеткен шығанның 25 пайызын мемлекет өтеп береді.

Сәбит Әлдебай


Жамбыл облысы көкөніс қойма

Хабарламаларға жазылу