Елімізде цифрлық валютаны енгізу тәсілдері зерттеліп жатыр

03.12.2020

Елімізде цифрлық валюта енгізілсе көлеңкелі экономикада айналып жүрген триллиондардың жолы кесіледі. Жалпы «Central bank digital currency»-дің, яғни орталық банктің электронды ақшасы - біраз елдің назарын аудартқан. Өйткені, төлем жүйелерін цифрландыруда және әр тиынды шашау шығармай уысында ұстауға септігі зор. Соңғы аптада Ұлттық банк те соған ден қойып, қазір Канада, Сингапур және Еуро Одақта цифрлық валютаны енгізу жөніндегі сынама жобаларды пысықтап жатыр. 2021 жылдың аяғына қарай электронды теңге туралы толық мәлімет берілуі керек.  

«Қолма-қол акша» ұғымы уақыт өткен сайын қалып барады. Ал коронавирус індеті электронды қаржы айналымын тіптен ілгерілетіп жіберді. Бұл жүйеге бүкіл әлем жапатармағай көшіп жатыр. Қазақстанның Ұлттық банкі де цифрлық валюта енгізуге ниетті. Бұл орынды. Себебі, халықаралық сарапшылар пандемия салдарымен жұмыла күреспесе болмайтынын айтады. Осы ретте жаһанның 28 орталық қаржы ұйымы зерттеу тобының жұмысына қатысады. 

Ұлттық банк мамандары Халықаралық есеп айырысу банкімен және Халықаралық валюта қорымен бірлесе отырып, цифрлық валютаны реттеу тәсілдерін зерделей бастады. Қазір әр түрлі технологиялық инфрақұрылым мен реттеу тәсілдері ескерілетін цифрлық валютаны Қазақстан Республикасында енгізудің әр түрлі сценарийіне арналған баяндама әзірленіп жатыр. Ол 2021 жылдың екінші жартысында жарияланады. 

Қысқа қайырсақ, цифрлық валюта – ақшаның ашықтығы. Ал қолма-қол айырбас – көлеңкелі экономиканың төте жолы. Экономикалық сарапшы Мақсат Халықтың пікірінше электронды нұсқа енгізілсе, қаржы жымқыру анағұрлым азаяды.  

Мақсат Халық, GSB UIB директоры, экономист: 
-Бізде ЖІӨ-нің шамасы осы жылы 70 трлн теңге десек көлеңкелі экономикада жүрген қаржы 21 трлн теңгеден асып жығылады.  

Әрине, электронды валютаның пайдасымен бірге қаупі де басым. Ең бастысы кибер шабуылдарға қалқан болатын ақпараттық жүйе әбден пысықталуы тиіс. Ал қағаз ақша бірден айналымнан алынады деуге ешбір негіз жоқ. Бастапқыда қатар қолданылып, кейін уақыт өте келе бірте-бірте жойылуы мүмкін,-дейді экономист.  

Нысаналы Ығыл, тілші: 
-Бұл криптовалюта емес. Себебі, электронды ақшаның айналымы қадағаланады және массасының көлемі реттеліп отырады. Яғни, қағаз ақшадағыдай қағидарлары бар. Ұлттық банк өзі шығарады, төлем жүйесі ретінде заңды мәртебе беріледі және резервпен қамтамасыз етіледі. Айтпақшы, тағы бір артықшылығы – ғаламторға тәуелді емес. Интернеті жоқ жерлерде де онымен есеп айырысуға болады. 

Нысаналы Ығыл 


цифрлық валюта Ұлттық банк

Хабарламаларға жазылу