Түркістандағы университет студенттерді қабылдауға дайын болмай шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандағы университет студенттерді қабылдауға дайын болмай шықты

13.11.2020

Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті студенттерді қабылдауға дайын емес. Өйткені оқу орнының ғимараты жоқ, қажетті материалдық техникалық базасы жабдықталмаған. 

Биыл ашылып, 600-ге тарта студентті грант негізінде қабылдап үлгерген оқу орнының ғимараты жоқ. Материалдық техникалық базасы жасақталмаған. Университеттің ашылуы індетпен тұспа-тұс келген, сондықтан студенттер онлайн оқып жатыр. Ал оқу орнының іші қазір астан-кестен.

Айнұр Ақбаева, тілші:
Түркістанның орталығында салынып жатқан университеттің әлі құрылыс жұмыстары бітпеген. Оқу ғимараты мен жанындағы жатақханадан тек құрылысшыларды кездестіруге болады. Қазір мұнда әрлеу мен сыртқы келбетін реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Мәселені көтерген сенатор Әлімжан Құртаев студенттер дәстүрлі форматқа көшкенде қайда барып оқиды деген сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Әлімжан Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бізді таң қалдырған жағдай осы уақытқа дейін аталған университетті жабдықтауға бюджет қаражатын бөлу мәселесі шешілмегенінде болып отыр. Түркістан облысының әкімдігі төрт ғимарат бөлген. Олардың екеуі жаңа болса, екеуі жөндеуден өткен бұрынғы ғимараттар. Бүгінгі таңда ғимараттар қаңырап бос тұр. 

Анығы - университеттің қызметкерлері қазір басқа ғимаратты уақытша паналап отыр. Бірақ ондағы жұмыс барысын түсіруге оқу орнының басшылығы түбегейлі қарсы болды. Тек телефонмен ғана қысқа жауап қайырды. 

Майнюра Мурзамадиева, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры:
Оқытушылар құрамы қазіргі пандемия жағдайына байланысты сабақтарды онлайн форматта өткізуде. Оқу орнының ғимараттарын облыс әкімдігі тарапынан желтоқсан айында университет балансына беріледі деп күтілуде. 

Ал университетті ашуға мұрындық болған Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері ғимараттарды тиісті жиһазбен басқа да материалдық техникалық жабдықтау жөнінде қаржы экономикалық негіздеме жасалып қойғанын айтады. 

Дастан Рыспеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
Ол ғимараттарды жабдықтау мәселесі Сенаттағы 2021-2023 жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы аясында талқылануда. Яғни, жабдықтау мәселесі қазір шешілуде.

Оқу орнының ғимараты желтоқсан айында берілгенімен студенттер онда оқи алмайды. Себебі қажетті оқу құралдарымен жабдықтау келер жылдың еншісіне қалып отыр. 

Айнұр Ақбаева

11

Хабарламаларға жазылу