Осыдан 27 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық валютаны енгізу» туралы Жарлыққа қол қойды. Араға 3 күн салып, 15-қарашада төл теңгеміз айналымға енді. Осылайша, егемендіктің алғашқы жылдары еліміздің абыройы тағы бір асқақтап, қазақ жұрты өзгенің емес, ұлттық ақшасын қолына ұстаған еді.
Төл теңге алғаш Англияда басылып шықты. Бұл жұмыстар 1993 жылдың наурызында аяқталды. Нәтижесінде теңге сапалы, әрі қауіпсіздік қорғанысы жоғары болды. Банкноттарда қазақтың хандары мен ұлы ойшылдары және күйші-ақындарының суреті бейнеленді.
Жомарт Қажымұратов, ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры:-Бұл жас мемлекет үшін өте дұрыс әрі маңызды қадам болды. Осының арқасында біз банк жүйесін қалыптастырып, ақша-несие саясатымызды жүргіздік. Отандық экономиканы қуаттандыруды өз қолымызға алдық. Қазір теңге әлемдегі қорғаныс дәрежесі ең жоғары банкноталардың бірі.
Қазір ұлттық валютамыз өзімізде басылып шығады. Полиграфиялық база сапаның әлемдік стандарттары мен технологиясына сай. Осы күнге дейін айналымға шыққан банкноттарымыз «Әл-Фараби», «Бәйтерек» сериялармен жарық көрді. Айта кету керек, төл теңгеміз 2011-2013 жылдар аралығында үш жыл қатарынан әлемнің ең үздік ақшасы атанды.
Жомарт Қажымұратов, ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры:-Бұл біздің индустриямыздағы «Оскар» десек болады. «Ай-Би-ЭнЭс» деп аталатын интернет қауымдастығында 90 елдің сарапшылары дауыс беру арқылы, үздіктерді анықтайды. Бұл ретте банкноттың дизайны, қорғаныс дәрежесі, технологиясы секілді негізгі көрсеткіштер ескеріледі.
Жаңа үлгідегі банкноттар бірыңғай стильде жасалды. Онда заман талабына сай өзгерген, өркениетті Қазақстанның келбеті айшықталған. Бұл ретте теңге тағы да топ алдында. Мәселен, 2016 жылы 20 мың теңгелік банкнот халықаралық қауымдастықтың шешімімен Шығыс Еуропа мен Азияда үздік деп танылды.
Дарын Сағитов