Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық валюта күнiмен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық валюта күнiмен құттықтады

15.11.2021

Бүгін ұлттық валюта - теңге күні. Тұңғыш Президент-Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша қаржыгерлер күні болып та белгіленген.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында барша қазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтады. «Баршаңызды Ұлттық валюта күнімен және қаржыгерлерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Төл теңгеміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. Сонымен қатар экономикалық дамуымыздың басты кепілі. Еліміздің қаржы жүйесіне халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту міндеті жүктеледі» - деді Президент өз жазбасында.

Еске салсақ, 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін алғаш рет бекітті. Ертеңінде қазақ валютасын сызған суретшілер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 93-жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстанның төл валютасы айналымға енді. Банкноттар - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.   

Хабарламаларға жазылу