Елдегі салықтарға жаңа жеңілдіктер енгізіледі. Бүгін Сенат қараған Салық кодексінде осындай жаңалықтар бар. Онда зейнетақы қорынан шешуге рұқсат етілетін сомаға салынатын салыққа қатысты мәселе де өз шешімін тапқан.
Қордан алынатын ақшаның салығы толығымен алынып тасталмайды. Бірақ, салық бірден саныбайды. Депутаттардың айтуынша қазіргідей кезеңде бұл төлем халыққа тиімсіз.
Бұдан өзге, салықтық жеңілдіктер пандемия кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Статистика бойынша шағын кәсіпорындардың 30 пайызы қиын кезеңде жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Заң жобасындағы жеңілдік жабылудың аз алдында тұрған бизнес өкілдеріне үлкен жеңілдік болмақ.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:-Шағын және орта бизнесті 2 жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босату ұсынылып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен табыстың 3 пайызы көлемінде бөлшек салық енгізіледі.
Қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларына да жеңілдіктер жасалады. Оларға радиожелілерді қолданғаны үшін салынатын салықтың жылдық мөлшері 90 пайызға төмендетілмек. Мұндай жеңілдікті алу үшін байланыс операторлары осыдан үнемделген қаражатты бірінші кезекте ауылдарды сапалы, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге жұмсау керек. Қарапайым халықтың да салық төлеу механизмдері айтарлықтай өзгертіледі.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:-Жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын біріктіру ұсынылады. Екі салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұл ретте көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылады. Салық төлеушілерге қолайлы болу мақсатында Көлік салығын төлеу мерзімін ағымдағы жылдың 31-ші желтоқсанынан келесі жылдың бірінші сәуіріне ауыстыру ұсынылады.
Пандемия кезінде шатқаяқтап қалған экономикаға серпін беру үшін инвестиция тартудың жолдары жеңілдетіледі. Құятын қаржысының көлеміне, мерзіміне және жұмыс істейтін орнына байланысты инвесторлар 10 жылға дейін корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, қосымша құн салығынан және мүлік салығынан босатылады. Сенаторлар құжатқа біршама өзгерістер енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.
Оңғар Алпысбайұлы