Ресей мен Түркия Таулы Қарабақта жасалған бейбіт келісімнің орындалуын бірлесіп бақылайтын болды. Осыға дейін Анкара да бұл аймаққа әскер жібереді деген мәлімет тараған еді. Алайда, Мәскеу мұны растамай отыр. Ал, Әзірбайжан азат етілген аудандарға өз заңын енгізбек.
Таулы Қарабаққа түрік әскерилері де барып, ресейлік бітімгерлермен бірге қызмет етпек. «Анадолы» агенттігінің хабарлауынша, мұны президент Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеді. Дегенмен, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Мәскеу, Баку, Ереван мұндай келісім жасасқан жоқ.
Әзірге анығы сол - Ресей мен Түркия Қарабақтағы ымыраның орындалуын қадағалайтын бірлескен орталық құрып жатыр.
Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, саясаттанушы:-Аймақтағы бітімгерлік миссияны Ресей орындайды. Бірақ, бұл процеске Түркия да араласады. Ол бітімгерлік штабына өз бақылаушыларын жібере алады. Неліктен мұндай шешім қабылданды? Таулы Қарабақта Түркия әскерінің пайда болуына Армения түбегейлі қарсы.
Ал, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев армян күштерінен азат етілген Шуша қаласы мен өзге аудандарға соғыстан келген зиянның есептелетінін және сол залал үшін Ереван өтемақы төлейтінін ескертті. Айта кетсек, бір жарым айға қарулы қақтығыстарда Таулы Қарабақтың басым бөлігі мен оның айналасындағы территориялар Бакудың бақылауына өтті. Бұл елді мекендерге Әзірбайжан заңдары енгізіліп, оларда енді сепаратизмге жол бермеуге ерекше мән беріліп отыр.
Ал, Ереванда кешегі ауқымды шеруді ұйымдастырды деген себеппен он шақты оппозициялық саясаткер ұсталды. Ал, отставкаға кетуден бас тартып, халықты өз жағына топтасуға шақырған премьер-министр ымыраға не үшін қол қойғанын тағы да баяндап берді.
Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:-Бұл құжатқа Шуши қаласы басып алынып, Армян күштерінің бас штабы ресурстар жағынан проблема туындағанына шағымданғанда қол қойылды.
Айта кету керек, халықаралық заңдар бойынша Таулы Қарабақ -Әзірбайжанның жері. Ол этникалық армян күштерінің қарамағына 1991-1994 жылдары болған соғыс кезінде өткені белгілі.
Арыстан Рысбек