«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының журналистері ЕҰУ студенттеріне шеберлік сыныбын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының журналистері ЕҰУ студенттеріне шеберлік сыныбын өткізді

12.11.2020
«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының журналистері ЕҰУ студенттеріне шеберлік сыныбын өткізді

Онкүндік декада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы арасындағы екіжақты меморандум аясында жүзеге асырылды.  

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының журналистері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің студенттеріне онкүндік шеберлік сыныбын өткізді. Екіжақты меморандум аясындағы игі шара 2-10 қараша аралығында онлайн форматта жүзеге асырылды. Декада күндері Ұлттық арнаның беделді әрі тәжірибелі мамандары болашақ журналистермен білгені мен түйгендерімен бөлісті. Отандық телевизия мықтыларының студент жастармен болған еркін форматтағы пікір алмасуы бұған дейін де тәжірибе ретінде талай жүзеге асырылған.

«Пандемия жағдайында оқудың жаңа технологияларын меңгеріп жатырмыз. Соның бір формасы – қашықтан оқыту технологиясы. Факультет қазіргідей қиын жағдайда білім алып жатқан студенттер мен магистранттар, докторанттар үшін онлайн форматта бірнеше игі істің өтуіне мұрындық болды. Қоғам тарапынан журналист мамандарды даярлауға қатысты бірқатар сындар бар. Сыннан сабақ алып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, бәсекеге қабілетті мықты мамандар, тұлғалар қалыптастыру үшін бар мүмкіндікті пайдалану маңызды. Іс-шара болашақ кадрлар сапасын жоғарылатуға септігін тигізеді деп сенеміз», – деді онкүндіктің ашылу рәсімінде Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ. 


Қ.Өмірбайұлы осы мақсатта еліміздің беткеұстар бұқаралық ақпарат құралдарының жетекші журналистерінің кездесулерін ұйымдастыру дәстүрге айналғанын атап өтті. 

Арна мамандары «Ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды дайындау», «Телерадиожүргізуші шеберлігі», «Идеядан эфирге дейін», «Телепродюсер қызметі», «Авторлық телебағдарламалардың ерекшелігі», «Телережиссура табиғаты», «Тікелей эфир. Ойын-сауықтық бағдарламалардың құрылымы» тақырыптарында көпжылғы тәжірибелерімен бөлісті. 

Дәріс берушілер қатарында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Жаңалықтар қызметі директорының орынбасары Қайрат Мұсақұл, «Қымбат жандар» телебағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, белгілі диктор Қымбат Досжан, арна эфиріндегі «Ғажайып өлке» бағдарламасының жүргізушісі, түрлі тақырыптағы деректі фильмдер жасаудың шебері Айнұр Омар, Ұлттық арна келбетіне айналған тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей, продюсер Айгүл Мыңжасар, тележүргізуші Нартай Аралбайұлы, Ғалымжан Кеңшілік, қоюшы-режиссер Гүлмира Мұқанова болды. Шеберлік сыныбын өткізушілер жастардың журналистикаға деген қызығушылығы жоғары екенін айтады.

Телеарнадағы түрлі еңбек жолынан өткен медиатұлғалардың жастарға айтары көп болды. Шараға ел аймақтарындағы журналистерді даярлайтын басқа да жоғарғы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, магистранттар мен докторанттар, мектептердің жоғары сынып оқушылары, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатының оқушылары қатысты. Факультет ұжымы тарихы терең арнаға тәжірибе бөлісуге келісім бергені үшін алғысын білдірді. Игі шара қос тарап үшін де тәжірибе алаңына айналды және білімге негізделген бұл бастама болашақта жалғасын табады. 

Бұған дейін баспа ісі мамандығы бойынша онлайн олимпиада өткендігін хабарлаған едік. 


«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы журналист ЕҰУ студент шеберлік сыныбы

Хабарламаларға жазылу