Елімізде алғаш рет әйелдерге арналған ипотекалық бағдарлама әзірленді. Гендерлік саясатты қолдау мақсатында тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі осындай жобаны қолға алды. Бағдарламаның мақсаты табысы төмен қыз-келіншектердің баспаналы болуын көздейді. Яғни, айлығы 320 мың теңгеден аспайтын, әйелдер 15-20 пайыз көлемінде бастапқы жарна төлеп, үй алуына болады.
Гүлшат Әбдірахманова отбасымен ұзақ жылдан бері пәтер жалдап келеді. Баспаналы болғысы-ақ келеді. Бірақ, мүмкіндік аз. Себебі табысы мен жұмысына сай бағдарлама жоқ. Енді жаңадан ұсынылғалы жатқан жобадан үмітті.
Гүлшат Әбдірахманова, қала тұрғыны:- Бізге әсіресе мұғалімдерге, дәрігерлерге өте тиімді деп ойлаймын. Ақшамызды 20 пайыз салып, үй алсақ.
Қазақстан халқының тең жарымы әйелдер. Соның 4,5 жарым млн-ы ресми жұмыс істейді. Көбі отбасын асырап отыр. Бағдарламаның діттегені де осы. Баспанаға мұқтаж, бірақ айлығы аз жандарға бағытталған. Жобаға 20-дан 49 жас аралығындағы азаматшалар қатыса алады. Қойылатын талап та оңай. Баспана құнының 15-20 пайыз алғашқы жарнасы төлесеңіз жеткілікті. Жаңасымен қатар ескі үйлерді алуға да мүмкіндік бар. Тек баспананың құны 30 млн теңгеден аспау керек.
Жансұлтан Матаев, «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиал директоры:-Ер кісілерден әйелдердің айлығы 3 есе аз екен. Аз табысты әйелдерге жеке басына отбасына, баспана алу мәселесі қиындау. Сол үшін әйелдерге арналған бағдарлама әзірленіп отыр. Тек қажеттісі, жеке куәлік, және атында үй болмауы керек. Табысы 200 мыңға дейін болса 15 пайыз, одан көп болса, 20 пайыз жарна төлеу керек.
Келер жылы шамамен 4000 әйел осы бағдарламаның игілігін көруі мүмкін. Азия даму банкі бұл мақсатқа 38 млрд теңге бөлген. Банк шартына сәйкес қаржының 40 пайызы ғана Алматы, елорда, Ақтау, Атырау сынды ірі қалаларға бағытталды. Ал қалғаны басқа өңірлерге тең үлестіріледі. Тағы бір талап – бөлінген қаржының 20 пайызы айлығы 200 мың теңгеден аспайтын жандарға берілуі тиіс. Ипотека 15 жылға рәсімделеді. 6 айдан кейін де толық өтеуге құқыңыз бар. Ал пайыздық өсімі 11-12 процент. Экономистердің болжамынша бұл өзге бағдарламалармен салыстырғанда тым көп.
Бауыржан Ысқақов, экономист:-Үстемесі үш есе болып кетеді. Мысалы, 10 млн-ның үйін алатын болсақ, айын 11 пайыз жылдық мөлшерлемесімен 25 млн ғып қайтарады. 7 пайыз, бес пайыз, тіпті 8 жарым пайыздық бағдарламалар бар. Екіншіден 15 пайыз жарнасын 10 пайызға дейін түсіретін болса нағыз әйелдерге арналған бағдарлама.
Раушан Сайлауқызы, тілші:-Экономист мамандар тағы бір мәселеге мән беру керек дейді. Егер әйел азаматшалар бала күтімімен немесе басқа да себеппен төлем қабілетін жоғалтса, банк тарапынан жеңілдік қарастырылмаған. Мұның салдарынан азаматшалардың қаржы ұйымдары алдындағы берешегі көбеюі мүмкін. Сол себепті осы факторларда ескерілгені абзал - дейді мамандар.
Раушан Сайлауқызы